Өлеңдер ✍️

  24.04.2022
  287


Автор: Рафаэль Ниязбек

ОПАСЫЗ МЫНАУ ЖАЛҒАНДА

Мұнар да мұнар, мұнар күн!
Бетіңді қанмен жуармын.
Қасарысқан қатал тағдырға,
Қарсы өскен қайсар шынармын.
Сертіңде сен де тұрарсың,
Сертімде мен де тұрармын.
Азабыңа шыдап төзсем де,
Қорлығыңа қалай шыдармын.
Жел қуған қара бұлттайын,
Жерімнен бір күн қуармын.
Қалғыған ойды құмға атып,
Жортамын ылғи түн қатып, –
Ұйықтап жатқан даланың,
Намысын жанып тулатып.
Тулатқан көлді қоғалы,
Өр рухым өлген жоқ әлі.
Құзыры күшті кімнен де,
Жұлдызым менің жоғары.
Ат барда жортам жер көріп,
Ас барда жортам ел көріп, –
Қыңсылатып қызыл қаншықтай,
Тағдырдың өзін өңгеріп;
Қаруын түгел асынған
Сарбаздарға дем беріп;
Шайқаста түскен олжаны
Қараша жұртқа тең бөліп.
Ат барда жортам жер көріп,
Ас барда жортам ел көріп.
 Сең соққан балық секілді
Жүрмеймін елде сенделіп.
Мұнар да мұнар, мұнар күн!
Азабыңа төзіп шыдармын.
Аспанда еркін самғаған
Қанатын қимай қыранның, –
Тағдырын бердің, қайтейін,
Қағынан безген құланның.
Өксіген долы теңіздей,
Өкіріп барып құлармын.
Опасыз мынау жалғанда,
Кетпеген кімдер арманда.
Қайсың бар созған қол ұшын,
Махамбет жалғыз қалғанда.
Қай заман опа көрсетсін,
Опасыз мынау жалғанда.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу