Өлеңдер ✍️
МАХАМБЕТ ИСАТАЙДЫ ЖОҚТАҒАНДА
Сені, Исатай, аңырап жоқтағаным –
Мылтығымды жауыңа оқтағаным.
Жол үстінде көз жұмған жолаушыдай,
Жол үстінде бола ма тоқтағаным.
Өледі деп ойлама кегіңді алмай,
От талабым,
әлі де шоқ табаным.
Асау құлын секілді туласа егер,
Тағдырды да келеді ноқталағым.
Бірақ сенсіз мен қалай шарықтайын,
Естен тансам, сең соққан балықтайын.
Мені әйтеуір бір үміт жүр сүйрелеп,
Алыс қырдан көрінген жарықтайын.
Сардаланың көзге атқан құралайын,
Мерген болсам,
мен неге туламайын.
Ызалы ұшқын көзімнен шашырайды,
Бұрқ-сарқ қайнасам бурадайын.
Ет-жүрегім сені ойлап езілгенде,
Әзер жиған кезім көп есімді елде.
Қасиеттеп туыңды тік көтердім,
Қара тобыр өзіңнен безінгенде.
Сені жоқтап боздадым,
жалғыздығым
Жанға батып кей-кейде сезілгенде.
Өзің барда күш едім екпінге енген,
Тіршілікте бет-жүзі секпілденген.
Екі тарлан бөрі едік, уа, Исатай,
Ата Ерліктің қос қолы секілденген.
Ойлап сені көзімнен жиі ақты мұң,
Қайда,
қайда бастайды мият-күнім?
Бұл күндері, Исатай,
сыңарынан
Айырылған жалғыз қол сияқтымын.
Бұнысымен тағдырдың келіспеймін,
Көк желкесін ендеше неге үзбеймін.
Оу, Исатай!
Қолым бар семсер ұстар,
Қалқан ұстар қолым жоқ.
Не істеймін?!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter