Өлеңдер ✍️
ҚАЛДЫБАЙ БАТЫР ЖӘНЕ ОНЫҢ БЕС ҰЛЫ ХАҚЫНДА
Қаласы мен даласы жатқа толған,
Бұл қазақта бақыт та, бақ та болған.
Бес ұлына егеулі найза ұстатып,
Намыс қуып, Қалдыбай атқа қонған.
Қилы шақта мұңынан кім арылған.
Жан болмаса егерде мұнар қуған.
Қалдыбайдың бес ұлы бес семсер-тін,
Махамбеттің кегіне суарылған.
Түнергенде қар жауып қабағынан,
Қол жазбайтын қарулы жарағынан, –
56
Қалдыбайдың бес ұлы бес найза-тын,
Жаудың ылғи сұғылар сағағынан.
Қайыр көрмей патшалық өкіметтен,
Ат үстінде алысып өмірі өткен, –
Қалдыбайдың бес ұлы – бес жебесі,
Талай жауды өгіздей мөңіреткен.
Шыға келер жау бар ма қалтарыстан,
Атқа қатар қонғанда алты арыстан.
Алтауы да өр кеуде ер болатын,
Тұла бойы сомдалған Ар-намыстан.
Атқан оғын алысқа аңыратқан,
Алтауы да дұшпанын қалтыратқан.
Басынатын жұртымды жау болмас ед,
Алты батыр шықса әр шаңырақтан…
Оу, ағайын, не сыр бар жасыратын,
Айдыныңды кімің бар асыратын?
Бір-бір батыр шықса да әрбір үйден,
Жау болмас ед қазақты басынатын.
Жортып өткен тарлан көп тарлан белде,
Тағдырмен де ұстасып, жалғанмен де.
Ұрығы асыл батырлар шайқаста өліп,
Ұрығы азған божымдар қалған елде.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter