Өлеңдер ✍️

  21.04.2022
  381


Автор: Рафаэль Ниязбек

БҮРКІТ АРУАҚТАНЫП САҢҚЫЛДАП АЛАБҰРТАМ


Жазушы Әкім ТАРАЗИГЕ
1
Қасқыр тірлік қайда жоқ сақылдаған,
Қайда адамдар ар ойлап аңқылдаған?
Терең суға бір батып,
Қайта шыққан
Қалытқыдай күн кешіп қалтылдаған.
Неге мені қажайды, еріккенде
Жанның бәрі қасыма жақындаған.
Туғасын ба төсінде сағым белдің,
Күндемейтін жан бар ма бағын ердің.
Мені кекеп жігіттер күлген еді,
Батыры деп аудандай шағын елдің.
Мені көздеп сөз қанша жебе тартқан,
Жүрегіме жоқ емес шеге қаққан.
– Тоқта! – деді саңқ етіп Әкім аға,
Алатау ой арқалап келе жатқан.
Үміт болып жалғанған үмітті елге,
Сынай қарап тұрды да жігіттерге.
– Шырақтарым! – деді ол күреңітіп, –
Кесек атқан жақсы емес тұнық көлге.
 Үлгі тұтып өспесін бала-шаға,
Жүрегіне ақынның жара салма.
Батырына қан кешкен шешен елдің,
Күлгендерің, жігіттер, жараса ма?!
Азаттықтың жолында қан кешкен ел –
Туған тауы Кавказдан аласа ма?!.
Әкім аға таңырқап, қайран қалып,
Қызынса егер тұра ма жайдарланып.
Тіктеп қарап жүзіме сөйлеп кетті,
Сарбаздарын шығардай майданға алып:
– Баукең еді мұз жарған текті кеме,
Бірақ ерте өмірден кетті неге?
Жаттың бәрін жарылқай білген қазақ
Қадіріне батырдың жетті деме.
Айдыныңды сенің де асырмайды,
Оған бола өкпелеп, кек тілеме.
Төз, бауырым, сынбаған талша ауырлап,
Қара бұршақ соқса да қанша ағындап.
Көк бөріде қасиет болсын қайдан,
Жортпаса егер санынан қан сауылдап.
Көкжал бөрі азапсыз күн кешпеген,
Азамат ер кісіге мінгеспеген.
Ата ерліктің қадірін қайдан білсін,
Ерлік жасап, елімен бірге өспеген.
Намысты ойлап, бүгінде кім арланған,
Түлкі өмірге бәрі де мың алданған.
Жасыма, інім!
Кісінеп қайда барсын,
Саған жалын сипатпай құлан-Жалған.
Көзің ертең қайтадан ашылады,
Тұман түскен өлкедей мұнарланған...
 Әкім аға солай деп жанығанда,
Дүр сілкіндім, сөзі оттай қарығанда.
Көк бөрі ерлік кеудемде тулап жатты,
Өзімді алғаш сол жолы танығанда.
2
Әкім аға!
Өзіңдей асыл аға
Қолдап жүрсе, көрінген басына ма?
Қасиетсіз бұл қоғам қажытса да,
Қасиет боп жүремін қасыңда, аға!
Заманында жын тобыр құраманың,
Арналы асау өзенде тұна ма ағын?
Сыртым – қытай киімі жылтыраған,
Ішім удан іріген –
сұрамағын.
Жаққан жұлдыз шырағы сөнбейді әсте,
Рухы биік өзіңдей мұнараның.
Бүркітаруақтанып саңқылдап алабұртам,
Ірілігін көргенде ірі ағаның.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу