Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
21.04.2022
129
ҰШПАСЫН НЕГЕ ҚАЛПАҚТАЙ?
Сыр тартып жақын, алыстан
Ата жаумен де танысқан,
Танысқан және шабысқан.
Он екі бүктеп жыққанша,
Алты ай бойы алысқан.
Шашақты найза бабалар
Арыстан еді, арыстан.
Ішкенін қайта құспаған,
Төбесінен оқ та ұшпаған,
Көк бөрі еді әкелер
Бөрілі Байрақ ұстаған.
Құшса да ару көк белде,
Ажалын бірақ құшпаған.
Бүгінгі қанжау ұрпағы,
Ақ арақ ішіп азғасын.
Құл болмай қайда барады,
Маңдайға тағдыр жазғасын.
Етектен тартып жібермей
бір-бірінің көрін де
күн бұрын терең қазғасын.
Сорлатқасын жаратқан
Қол үзген қару-жарақтан.
Ел-жұртты қалай қорғайды,
Жығылып жатса арақтан.
Еңбек етіп, мал таппай,
Қараңғы үйде шам жақпай,
Ақ арақ ішіп қызынған
Қызарып піскен жантақтай.
Жау төнсе кенет...
Бастары
Ұшпасын неге қалпақтай?!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter