Өлеңдер ✍️
Ақан сері
Беу, аңыз! Ертегіден негізің бар,
Бертінде қосқан оған егізің бар.
Көргеннен, естігеннен жазайын жыр,
Әрине, біреу ұқпас, біреу ұғар.
Салғанда сауық-сайран Ақан сері,
Тарқаған қалың елдің қайғы-шері.
Серінің жүрген жерін шарладым мен,
Бір сиқыр ерік бермей ертті мені!
Төсінде Ұлытаудың түстендім мен,
Сөз тарттым көпті көрген құсбегіден.
Ақанның шырқады әнін жас жылқышы,
Келіншек пісті саба піспегімен.
Қыр елі ертегіге епті нағыз,
Ақанның өр қырынан шертті аңыз.
Қызы оны періштенің етіпті әуре,
Секілді өкпесі бар кекті балдыз!
Мен, бірақ, дерегі бар Ақтоқтыға,
Өтейін бейне жезде бір соқтыға!
Арманын махаббаттың тауыспайын,
Жоқтаушы шығар кейін мен жоқта да!
Басына құлпы-тастың үйілсе гүл,
Ескірмес ықыласы халықтың, бұл!
Өзімше сері Ақанды түсіндім мен,
Не керек ежелгіден белгілі сыр?!
Хиялмен ұжмақты өзі көріп келген –
Фарсының шайырына еліктемен!
Үстінде Маңмаңкердің салмасам да ән,
Жарармын сері Ақанға серікке мен!!!
Ақанның қоңыр даусын бейне есіттім,
Көзіме Ақтоқтысын елестеттім.
Пішімдеп сахнаға, жаздым дастан,
Тиер деп еншісіне келешектің!..
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter