Өлеңдер ✍️
ЗАМАН БА БҰЛ...
Үйренгесін жау іздеп жақынынан,
Жұрттың бәрі адасқан ақылынан.
Көзге түскен нәрсенің бәрін тонап,
Алғыс алған ер қанша қатынынан.
Қасіреті тұрса егер бетінде ердің,
Қалғандығы емес пе шетінде елдің.
Қарттар үйін тонаған ұры қанша
Көз жасынан қорықпай жетімдердің.
Кімге дәрі ел-жұрттың мұңданғаны,
Қайта оларға керегі жынданғаны.
Адам егер азбаса,
Емханадан
Мүліктердің бұл қалай ұрланғаны?
Сенген кісің игесін жатқа басын,
Кімдер келіп арыңды таптамасын.
Жын жайламай жеріңді тұрсын қалай,
Жемқор бастық еліңде қаптағасын.
Соққанда ерен нарықтың өктем желі,
Ел-жұрттың да атандай кеткен белі.
Кісі өлтіріп,
ел тонау болғаны ма,
Ақыл-ой мен намыстың жеткен жері.
Тағынан да безініп, бағынан да,
Олжа қуған жан қанша сағымнан да.
Заман ба бұл дүние биік тұрған
Ақылынан Адамның, арынан да!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter