ЖАҢА ЖЫЛҒА АЙТЫЛҒАН БІР ТІЛЕК
Келген еді өр тұлға, ер пішінде,
Жеңілісін сан көрдік, жеңісін де,
Өте шықты күміс жал арғымақ жыл
Дефицитті көбейтіп ел ішінде.
Бұлақ біткен бөгеліп шырқап ақпай,
Атса дедік таңымыз бұрқап атпай.
Сөрелері дүкеннің тұр қаңырап,
Қаңтарылып кермеде тұрған аттай.
Ұры-қары көбейіп...
Жұпыны жүр
Келіндер де алтыннан сырға тақпай.
Жүре бердік сонда да өкпелемей,
Берсе екен деп ел-жұртқа,
көпке мерей.
Келешектен үмітін үзбей әлі
Тапшылықты нар ғана кепті елемей.
Жұлдыз болып жарқырап сан арманы,
Жаңа жыл –
дүниенің жаңарғаны.
Қой жылында береке арта берсін,
Ел-жұртыңның молайып ағарғаны.
Шаңырақтың шырағы – сені көріп,
Нұрын шашсын жаңа жыл төріңе еніп.
Жердің жүзін жайлаған ел болайық,
Бітік өскен егіндей өріне өніп.
Артқан шағы нарықтың,
бағаның да,
Не күтіп тұр білмейсің тағы алдыңда.
Дефицитке айналмай жүрсін көңіл
Дефициттің көбейген заманында.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter