Өлеңдер ✍️

  21.04.2022
  110


Автор: Рафаэль Ниязбек

ОЙХОЙ, ДҮНИЕ-АЙ!

Қу дүние – боз қырау қылаңдаған,
Кейде сұлу келіншек сылаңдаған.
Құшқым келіп, қусам да ұстатпайды,
Құйрығындай түлкінің бұлаңдаған.
Жер ортасы жастан да асып барам,
Мені алдамай түлкі-өмір кімді алдаған?
Күндер зулап өтуде ескен желдей,
Мен де бір күн жоғалам өшкен белдей.
 Алыс-жұлыс тірлікпен күн өткіздім,
Ғұмырымның тозарын мен де ескермей.
Жұртта қалған жалғыз үй секілдімін,
Өз жұртынан қап қойған көшкенде ермей.
Ойхой, Дүние-ай,
тазыдай зымыраған,
Тіршілікте көрмедім ғұмырлы адам.
Бұл жалғаннан жабырқап мен де өтем бе,
Су да ішпей ақ күміс құмырадан.
Ойхой, Дүние-ай,
тазыдай зымыраған.
Сана қумай сарсылған адамдарға,
Өкпелеумен күн өтті,
амал бар ма?
Топты жарып,
жұлдыздай ағам деме,
Асырсаң да қаншама санаңды алға.
Көп қарғаның біріне айналасың,
Ел билеген заманда жаман қарға.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу