Өлеңдер ✍️

  21.04.2022
  154


Автор: Рафаэль Ниязбек

ТІЛІМ МЕНІҢ

Домбыра – күй үзіліп күмбірлеген,
Кең даламда той да өтпей дүбірлеген.
 Ғұмыр кештік заманда
жаға болған
Аға жұрттың тілінде шүлдірлеген.
Ғұмыр кешсін тірлікте кім арланып?
Шүлдірлеуге барша жұрт құмарланып.
Сан жүздеген ұлт жайлап кең өлкемді,
Тілім және үлгерген шұбарланып.
Бала ағылмай тұс-тұстан жамыраған,
Мектеп қанша жабылып қаңыраған.
Тілім – жалғыз...
жалғызын жерге берген
Анадайын зар қағып аңыраған.
Тілім – көне бұйымдай сұрыпталған,
Шындық боп та ауызы құлыпталған.
Ойда жоқта заманнан қысым көріп,
Кемедейін жағаға шығып қалған.
Тұнып аққан у тамып бұлағына,
Тозаң қонып көк желек құрағына.
Полигонға айналған тілім солай
Зіл-заланың ұшырап сынағына.
Ақыл-естен уақыт жаңылғанда,
Жаңылғанда,
құтырып қағынғанда.
Құдай сақтап қалғаны
тамырына
Қара балта қимақ боп шабылғанда.
Аяр сөзге кезінде сеніп қалып,
Тіршіліктей көктеген өліп-талып.
Тілім содан ғұмырын жалғастырған
Қайта жанған шырақтай сөніп барып.
 Әділеттен өзгеге жүгінбеген,
Сүрінсе де
тізесі бүгілмеген,
Халқым еді қасірет көп шексе де,
Қасиетті тілінен түңілмеген.
Тілім менің!
Айналдым келбетіңнен,
Сәби боп та бесікте тербетілген.
Қасиетті тілімнің жоғалғаны –
Нар халқымның өшкені жер бетінен.
Еркіндік ап ел-жұртым жайраңдаған,
Жайраңдаған кезеңде, сайрандаған.
Қазақ болып тегінде жарытпайды,
Кең далама,
тіліме айналмаған.
Жармасқанмен дұшпан көз жат көрінген,
Сардар – тілім түспейді ат белінен.
Өжет үнің бүгінде тұр естіліп,
Жер-жаһанның саңқылдап қақ төрінен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу