Өлеңдер ✍️

  21.04.2022
  152


Автор: Рафаэль Ниязбек

ОЙЛАН, ҚАЗАҚ!

Ойлан, қазақ!
Сілкініп ойлан, қазақ!
Келе жатқан жоқсың сен тойдан, қазақ.
Қырып біттің төрт түлік малдың бәрін,
Қолың сенің босаған қойдан, қазақ.
Ойлан, қазақ!
Сілкініп ойлан, қазақ!
Бөлінгенің үш жүзге, бөлінгенің –
Асыққаның емес пе өлімге, Елім?!
Босағада телміріп сүлгі құсап,
Қолжаулығы болдың-ау көрінгеннің.
Шақырысып ет асып,
Тамақ асып,
Сыйлассаң да бауырдай араласып.
Жат алдында қыңсылап қаншық иттей,
Өзді-өзіңмен кетесің жағаласып.
Жүрсең де ылғи сұмдықтың бетін көріп,
Не қорлыққа көндіккен етің де өліп.
Үш жүз кейде көзіме елестейді,
Аждаһаның үш басы секілденіп.
Қолың жетпей Дүние тұтқасына,
Қалай сенің қарасын жұрт басыңа.
Аждаһаның үш басы бірін-бірі
Болашақта, кім кепіл, жұтпасына.
Тізгін тартып қастығын ірікпеген,
Дұшпан бар ма ішіңнен ірітпеген.
 Біріксе де немістің екі елдері,
Сені көрдім, қазағым, бірікпеген.
Бірікпеген қазақты жат жұрағат
Жылқы сойған секілді жіліктеген.
Тығырыққа басыңды тірегенде,
Тарыққан да кезің көп,
жүдеген де.
Түсінбеймін,
Түлемей жүрсің әлі,
Жылан екеш жылан да түлеген де.
Сынық арба – бір жұртсың салдырлаған,
Жұлдызыңды кім сенің жандырмаған?
Тәуелсіз ел болсаң да, сұсты емессің,
Қой қалды ма қораңнан алдырмаған?
Қабырғалы қазаққа жараса ма,
Қабығындай жыланның қаудырлаған.
Бұрындары қаһарман ел едік-ау,
Қарсы қарап алдында жау тұрмаған.
Сайқал – сайқал болмаған сайда жатпай,
Мерт болған ба арыстан айға шаппай.
Қазақ!
Ерлік жасаудан қалған елсің,
Өрлігіңді жоғалған қайта таппай.
Ойлан, қазақ!
Сілкініп ойлан, қазақ!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу