Өлеңдер ✍️

  21.04.2022
  109


Автор: Рафаэль Ниязбек

ҚАРАКЕРЕЙ ҚАБАНБАЙ ҚАЙТА ТУМАЙ НЕМЕСЕ АЗАТТЫҚТЫ АҢСАҒАНДА

Аруақтым қайдасың, шын қорғаным?
Қиын-қыстау кезеңде мың қолдағын.
Ит тірлікте иттермен бірге жүріп,
Жігерімнің көрдің бе құм болғанын?
Қаракерей Қабанбай, қайдасың сен,
Жебемесең біздерді кім болғаның?!
 Жауға шапқан күркіреп пайғамбарым,
Жебемесең ашылсын қайдан бағым?
Атқа қонғым келеді өзің құсап,
Еске түсіп кеткенде қай-қайдағым.
Қамшы үйірсе қожаңдап не бір пенде,
Тәубесіне өзің ең келтірген де.
Жеріңе ешкім бас сұғып кіре алмап ед,
Аттан түспей атойлап сен жүргенде.
Шарт сынып ең оқыста, алдаспаным,
Күңіреніп, теңселіп қалды аспаным.
Еділді алып,
елді алып... түгел жайпап,
Көрмейсің бе жағаға жармасқанын.
Қошқар мүйіз таутеке, құлжасынып,
Кірмеді, айтшы, жеріңе кім басынып?
Қабіріңді талқандап шығардай боп,
Кектеніп те жатырсың күнде ашынып.
Елміз бе әлі көгінен күн күлмеген,
Үнім қайда күй болып күмбірлеген?
Қабіріңді талқандап қайта оралсаң,
Ұрпағыңды көресің шүлдірлеген.
Мерт болған ба арыстан айға атылмай,
Күшің жетсе бәрін де жайпа тынбай.
Елім азат болар деп әсте ойлама,
Қаракерей Қабанбай қайта тумай.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу