Өлеңдер ✍️
ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ ҚОРҒАНЫ
Тәуелсіздіктің шайқап ішіп тұнығын,
Ұлық болғанын кім көрген
ел тонаған ұрының.
Жарып жеген қорқау қанша бұл күнде,
Құрсағында тулаған
Құлагердің құлынын.
Ерлік ізі сайрап жатқан даламда,
Адам неге бір-бірін
сатады, айтшы, табанда?
Кім ойлаған күн кешем деп, ағайын,
Ұлттық сезім солғындаған заманда.
Дүниенің басыла ма егесі,
Ұшқалы тұр ысқырып,
қан аңсаған жебесі.
Неге,
неге шайқатыла береді,
Тәуелсіздіктің кемесі.
Бүкіл әлем ізгілікке
түгел мойын бұрғанда,
Қауіп-қатер болмас еді бұл маңда.
Сақтанбасқа бола ма,
Қазыналы жеріңе
Қарау күштер көз алартып тұрғанда.
Тартысқанда үзілсе егер белдігі,
Бұл қазақтың кімге дәрі елдігі.
Кімге қорған болады,
Көкірегінде жоқ болса,
Бауыржанның көзсіз батыр ерлігі.
Тыныштықтың жайқалғанда орманы,
Жүрегімнің бұл қалай
күн жылыда тоңғаны.
Жат жұрағат қаптап жүрген жоқ па елде,
Көк шалғындай орғалы.
Бірлігіңе бекем бол, арқар кеуде ағайын,
Құламасын десеңіз,
Тәуелсіздіктің қорғаны!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter