Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
21.04.2022
151
ҚЫЗДАР ХАҚЫНДА
Кімге барып қонарын жете білген
Бақыт неге безбесін мекенінен.
Екі бетім ұяттан тұр өртеніп,
Ұят қашып қыздардың етегінен.
Бәрі төрге жайғасып кірмелердің,
Босағада бірімін жүрген ердің.
Қыздары азбай қайтеді,
Өзі алдымен
Азып-тоза бастаса іргелі елдің.
Көңіл неге, ендеше, тарылмасын,
Жүрек неге бомбы боп жарылмасын, –
Ел қорғайтын ер жігіт өзі бастап,
Қорласа егер қаракөз қарындасын.
Ғұмыр кештік, ағайын, шырғалаңда,
Қай қамалды бұзамын тулағанда.
Қорған бола алмаған қыздарына,
Бізден өзге ел бар ма бұл ғаламда.
Дүниенің қабағы түнереді,
Аштан қатып алайда кім өледі.
Жұмыс таппай сарсылған ару қыздар
Тәнін сатып бұл елде күн көреді.
Әлі талай жаз өтіп, күз келеді,
Көңілімнің қай кезде мұзы ереді.
Көк аттыға қыздары ермек болған –
Елдің қалай бесігі түзеледі.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter