Өлеңдер ✍️

  21.04.2022
  153


Автор: Рафаэль Ниязбек

АРЫСТАРДЫҢ ЖАЛҒАСЫ

Жазушы Қоғабай СӘРСЕКЕЕВКЕ
Кейде оңаша жүргенде мұңға батып,
Кететіндер жоқ емес құмға аунатып.
Бір тұлпардың, жан аға, құлынысың
Құрсағында жетілген тулап жатып.
Түсінетін жан ғана сөз сарасын,
Қоңыр үнмен жырлаған боз даласын.
Суреткердің бірісің келе жатқан
Дүниенің өзгертіп көз қарасын.
Сертке ұстаған ақ семсер кетілгенде,
Жылатпады қай сойқан жетімді елде.
Мүмкін заман түзелер
Болашақтың
Ұрпақтары құрсақта жетілгенде.
Жар астына бұғынған қайшылықта,
Жұрттың бәрі батыр неге жайшылықта?
Қара орманды шулатып жүрген жоқ па,
Еменмін деп еліріп қай шыбық та.
Құлақ аспай зарлаған үніне елдің,
Жалт бергені бұл қалай ірілердің?!
Бәрі бірдей өлі емес өлгендердің,
Бәрі бірдей тірі емес тірілердің.
Бұл қоғамның ішіне қан қатқалы,
Ағындарға кім тусын қарсы аққалы.
Азаматтар билікке өседі ме,
Туған халқын жылатып, зарлатқалы.
 Жүрегіңде тұрғанда өмір көктеп,
Қадалатын жебе аз ба мөңіреп кеп.
Қазақ әлі ұйқыда,
Түсінбеймін,
Бір қара бұлт жүргенде төңіректеп.
Ұлттық рухтың қисайып мұнарасы,
Ар-намыстың қуарып тұр ағашы.
Азаттықтың арайлы таңы атса да,
Жұрттың әлі неге көп мұң-наласы.
Туған елдің жазылмай жан жарасы,
Тіршіліктің күйреген сан-саласы.
Ұл тумайтын болған ба бұл күндері,
Алты алаштың албырап арлы анасы.
Ашық ұстап келбетін, түр-түсін де,
Жүрген ердің бірісің нұр пішінде.
Ақ найзағай шығарсың кім біледі,
Ағындаған жарқылдап бұлт ішінде.
Жүйріктердің жолына арқан керген,
Жұрт оңа ма тұғырды тарлан көрген.
Арыстардың келесің мұңын жоқтап,
Алмағайып заманда арманда өлген.
Кімдер құрбан болмады дүрбелеңде,
Сол күндердің қаны ойнап тұр денеңде.
Арыстардың ешқашан рухы өлмейді,
Азамат ер өзіңдей жүрген елде.
Көңілінің төсеген көк кілемін,
Хош көрмейтін жан бар ма көп тілегін.
Алаш мұңын жоқтаған аға, сені,
Арыстардың жалғасы деп білемін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу