Өлеңдер ✍️
ХАНТӘҢІРІ
Мұқағали МАҚАТАЕВҚА
Тұяғынан шаң борап шұбатылған,
Мұқаң әлі түскен жоқ құла атынан.
Білсең егер жаралған ақын еді,
Жанартаудың атылған қуатынан.
Дүниенің сөге алмай тоң қабатын,
Ақын аз ба торығып толғанатын.
Мұқағали, ағайын, білсең егер,
Арқасына аруақ қонған ақын.
Аспанынан құйылып нұр ағылған,
Елдің бәрі ерлікті мұра қылған.
Мұқағали – қазақтың қара өлеңі
Ғасырлардың рухына суарылған.
Сәуле шашып жүргенде жан-жағына,
Ерте ілінді ажалдың қармағына.
Қабырғалы қазақтың қара өлеңін
Мұқаң еді қондырған хан тағына.
Ақиқаттың алдына жүгінгенде,
Ондай ақын жоқ әлі бүгінгі елде.
Болашақтың төрінен көрем оны –
Болашақтың көзіне үңілгенде.
Толқын тулап жатқанда тұнық көлде,
Арқар кеуде өр ақын туыпты өрде.
Мұқа, саған, тас атқан сұмның бәрі,
Жатқан шығар өкіріп суық көрде.
Атойлаған төсінде құба белдің,
Айы өтіп тұрғанда Құлагердің,-
Мұқағали – туы боп желбіреген
Тауы талай шағылған туған елдің.
Мұң шағатын кез емес тасқа налып,
Кім жыр жазсын қаламын жасқа малып.
Ерлік ізі сайраған сардалада
Мұқаң салған жол жатыр қасқаланып.
Ақын еді бұлағы баққа ағылған,
Құзырына дос түгіл жат табынған.
Тасқын жыры болатын замананың
Буырқанып далаға ақтарылған.
Жаны жүдеп, жанарын мұң басқанда,
Көңілінде күн күлген сырласқанда.
Мұқағали көк құрыш қыран еді,
Жалғыз шырқап самғаған ұлы аспанда.
Тіршіліктің біткен бе шырғалаңы,
Қайда ақынның сары алтын жыр қаламы?
Мұқағали – әлі ешкім зерттемеген
Он сегіз мың ғаламның бір ғаламы.
Күйін кешкен жаралы шағаланың,
Рухы ешқашан өлмейді арлы ағаның.
Хантәңірі Мұқаңның өзі емес пе,
Түрегелген төсінен сардаланың.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter