21.04.2022
  278


Автор: Шерубай Құрманбайұлы

ТОЛҒАУЛЫ ТІЛ

Қазіргі қазақ тіл білімінде өзіндік орны бар, лингвист ғалымдарымыз туралы сөз қозғалса, есімі ерекше аталатын тіл мамандарының бірі – филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республи- касы Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Шерубай Құрманбайұлы. Ол Тəуелсіздік қарсаңында 1991 жылы əл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетін үздік бітіріп, ғылымдағы еңбек жолын сол кездегі ҚазССР ҒА Тіл білімі институтының [қазір А.Байтұрсынұлы атындағы] кіші ғылыми қызмет- кері болып бастады. Университет қабырғасында жүргенде-ақ ғылыми конференцияларға қатысып, алғашқы мақалаларын жариялап, ғылыми практиканы Тіл білімі институты мен университетте өткен жас маман қазақ тіл біліміне жақсы дайындықпен келді. 80-жылдардың ортасын- да ҚазҰУ-дың филология факультетінде ғылым мен өндіріске, жоғары оқу орындарына арнайы маман дайындау мақсатымен шағын бөлім ашылып, оған жеке конкурс жарияланған болатын. Ол топ ғылыми өн- дірістік бөлім [НПО – научно-производственный отдел] деп аталған. Соған дейін филология факультетінің қазақ жəне орыс бөлімдеріне елу-елуден жүз студент қабылданса, енді олардың он-оннан жиырма орны жаңа ашылған ғылыми өндірістік бөлімге берілді. Ол арнаулы бөлімді бітіргендердің басы да, аяғы да сол ҚазҰУ-ды 90-жылдары бітірген түлектер болды. Аталған бөлімде оқыған студенттерге арнаулы курстар жүрумен бірге ғылыми-зерттеу институттары мен универси- теттерден тəжірибеден өту, ғылыми жиындарға қатысу мүмкіндігі жа- салды. Ғылыми-өндірістік бөлімнің қазақ тобын бітірген он түлектің арасында Ш.Құрманбайұлы да болды. Оның студенттік шақта ғылы- ми тəжірибеден өту барысында ғылыми мекемелердің табалдырығын ертерек аттап, олардың жұмысымен, ғылыми ортамен танысып, белгілі ғалымдарды көруі оқуын аяқтаған соң ғылыми-зерттеу институтына қызметке келуіне себеп болды.


Сол жылдары І.Кеңесбаев, М.Балақаев, А.Ысқақов, Ə.Қайдар, Ш.Са- рыбаев, Р.Сыздық, М.Копыленко сынды отандық тіл білімінің көрнекті өкілдері қызмет еткен тіл ғылымының қара шаңырағы саналатын ин- ституттан еңбек жолын бастау – оның болашақ ғалым ретінде қалып-


 


тасуына үлкен ықпал етті. Кандидаттық [1994] жəне докторлық [1999] диссертацияларын да осы институт жанындағы диссертациялық кеңесте қорғады. Ол 1991-1996 жылдары осы институтта кіші ғылыми қызмет- кер, институт ғалым-хатшысы болып қызмет атқарды. Араға бірнеше жыл салып, бірқатар жауапты қызметтер атқарып тəжірибе жинаған ғалым 2009-2011 жылдары өзі еңбек жолын бастаған А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтын басқарды, институт жанындағы док- торлық қорғайтын диссертациялық кеңеске төрағалық етті. Ғалымның ғылыми кеңесшілігімен 1 ғылым докторы, ғылыми жетекшілік етуімен 8 ғылым кандидаты дайындалды. Ол институт директоры болған жыл- дары ұжым Германия, Қытай, Түркия сияқты бірқатар шетелдермен ғылыми байланыстарын нығайтты, іргелі ғылыми еңбектер жарияла- ды. Мысалы, «Қазақ тілінің функционалды грамматикасы», «Қоғамдық ғылымдар терминдерінің сөздігі», он бес томдық «Қазақ əдеби тілінің сөздігі» сияқты еңбектер жұмысы оның тікелей басшылығымен аяқта- лып, жарыққа шықты.


Ш.Құрманбайұлы еліміздің жетекші жоғары оқу орындарында да қыз- мет етті. 1996-2001 жылдары əл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни- верситетінің Қазіргі шығыс тілдері, қазақ тілі кафедраларын, 2006-2007 жылдары Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жал- пы тіл білімі жəне аударма теориясы кафедрасын басқарды. Осы жылда- ры ол қазақ тілін оқытудың əдістемесі мен аударма мəселесіне арналған бірнеше мақалалар жариялады, оқулықтар мен оқу құралдарын жарыққа шығарды.


Ғылыми-зерттеу институты мен жоғары оқу орындарында еңбек етумен қатар ол 2002-жылдан бастап он шақты жыл ҚР Президенті Əкімшілігінде, ҚР Білім жəне ғылым министрлігі мен ҚР Мəдениет жəне ақпарат министрлігінің Тіл комитетінде жауапты мемлекеттік қыз- меттерді атқарды. Əсіресе, ҚР Мəдениет жəне ақпарат министрлігінде Тіл комитеті төрағасының орынбасары, комитет төрағасы болып қызмет еткен жылдары ол қызметтік міндетіне сəйкес құзыретті мемлекеттік органның басшысы ретінде елдің тіл саясатымен тікелей айналысты. Оның тікелей ұйымдастыруымен көптеген халықаралық, республика- лық ғылыми конференциялар мен түрлі шаралар өткізілді.Тілдің түрлі мəселелеріне арналған ондаған ғылыми конференциялар мен жиын- дарда, жұртшылықпен, сала мамандарымен кездесулерде баяндамалар жасап, сөз сөйлеп, сұрақтарға ашық жауап беріп, білікті ғалым, кəсі- би тіл маманы əрі ұлт мүддесіне адал, мемлекетшіл, ұлтжанды азамат ретінде танылды. Ш.Құрманбайұлын білетін жұртшылық, əріптестері оны ең алдымен, лингвист ғалым ретінде жəне ғылыми монография- лар мен ғылыми мақалалар жазумен ғана шектеліп қоймай, БАҚ-тарға сұхбаттар беріп, танымдық жəне ғылыми-көпшілік мақалалар да жа-


 


зып, теле-радио хабарларға үнемі қатысып ой-пікірлерін ортаға салып, жұртшылықпен ашық та тығыз байланыста жұмыс істейтін елге жақын, көпшіл мемлекеттік қызметші, ұлтжанды қайраткер азамат деп қабыл- дайды. Ол қашанда қоғамдағы тіл, ел мүддесі, ұлт мəдениеті, ғылым- білім мəселелеріне қатысты ғылыми негізделген өз көзқарасын жария түрде білдіретін, белсенді азаматтық позиция ұстанатын ғалымдар са- натына кіреді.


Ш.Құрманбайұлы еңбек жолын Тіл білімі институтының термино- логия жəне аударма теориясы бөлімінен бастап, кандидаттық («Өсімдік- тердің құрылым-құрылысына қатысты терминдер». 1994.27.09.) жəне докторлық («Қазақ лексикасының терминденуі». 1999.12.03.) диссертацияларын да терминология саласы бойынша қорғаған, негізгі ғылыми еңбектерін де осы салаға арнаған, отандық терминтану ғылы- мының дамуына елеулі үлес қосып жүрген белгілі маман. 2002 жылдан бері өзінің редакторлығымен үздіксіз шығарылып келе жатқан «Тер- минологиялық хабаршы» журналының негізін қалап, оның терминта- ну саласындағы өзекті мəселелерді талқылайтын арнаулы басылымға, салалық мамандардың ақпарат алаңына айналуына ықпал етті. Оның терминтану саласындағы негізгі ғылыми еңбектері: «Қазақ лексикасы- ның терминденуі» (1998), «Қазақ терминологиясы дамуының кезеңдік сипаты» (2002), «Қазақ терминологиясы дамуының ғылыми қағидат- тары» (2004), «Терминқор қалыптастыру көздері мен терминжасам тəсілдері» (2005), «Терминтану» (2006, 2009), «Терминтанушы құра- лы» (2007, 2009), «Алаш жəне терминтану:ХХ ғасыр басындағы қазақ терминологиясы» (2008), «Терминологиялық əдебиеттердің библиогра- фиялық көрсеткіші» (2008), «Қазіргі қазақ тіліндегі жаңа атаулар мен қысқарған сөздер» (2009), «Терминтану сөздігі» (2009), «Жаңа атаулар мен жаңа қолданыстар» (2012), «Қазақ тіліндегі қысқарған сөздер» (2013) жəне т.б.


Ғалымның қаламынан туындаған бұл еңбектері қазір мамандар ара- сында жəне еліміздің жоғары оқу орындарында кеңінен қолданылады. Ол бұлардан өзге де көптеген ғылыми еңбектердің, ұжымдық моногра- фиялардың, сөздіктер мен оқу құралдарының жалпы саны 28 кітаптың, 200-ге тарта мақаланың авторы. Сондай-ақ оның құрастыруымен, редак- торлығымен 32 еңбек жарық көрген. Автордың түрлі газет-журналдарда жарияланып, негізгі ғылыми кітаптарына енбеген бірқатар мақалалары осы жинаққа топтастырылып отыр. Бұл жинақ ғалым мақалаларының толық жинағы емес, бұл басылымға енбегендері де біршама. Осы ба- сылымға енгізілген тіл маманының ономастика, тіл саясаты, сөз мəдени- еті, əлеуметтік лингвистика, тілді оқыту əдістемесі, орфография мен ор- фоэпия мəселелеріне арналған əр жылдары жарияланған үлкенді-кішілі мақалалары оның негізгі зерттеу бағыты терминтанумен ғана шектел-


 


мей, тіл білімінің бірқатар салаларына қатысты еңбектер жариялаған кең тынысты лингвист ғалым екендігін көрсетеді.


Белгілі лингвист ғалымның жарияланған монографияларына, оқу- лықтары мен оқу құралдарына енбеген мақалалары топтастырылып, тілтанушы ғалымдар мен сала мамандарына, тілдің түрлі мəселелері қызықтыратын көпшілік қауымға жинақ түрінде ұсынылып отыр.


 


Б.Қалиұлы филология ғылымдарының докторы, профессор ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты


 


Е.Əбдірəсілов

филология ғылымдарының докторы, доцент


жинақтың редакторы


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу