Өлеңдер ✍️

  21.04.2022
  108


Автор: Рафаэль Ниязбек

БАҒДАРЛАМА

1
Бағдарлама,
Қаптаған Бағдарлама,
Аспан асты,
Жер үсті – Бағдарлама.
Үйде,
Түзде...
барлығы Бағдарлама.
 Көп ұстаған тартпада марқасқалар
Бағдарлама –
ұйқысы қанған бала.
Бағдарлама – сарғайтқан сарқасқалар
Сары аурумен ауырып қалған бала.
Шегеленіп жасалған Бағдарлама –
Жолдан туып, жорға ашқан жалған бала.
Бағдарлама жүректен туған болса,
Тамақ іздеп, жұрт босып сандалама.
Жеті жылда жеті адым алға баспай,
Жетпіс жылға шегіндік, сардар аға!
Жұртты неге кейінге шегереді,
Болашаққа жасалған Бағдарлама?!
Мұң астында қалуда қайран халық,
Құм астында қалуда салқар дала.
Азаматтар!
Айналып айбалтаға
Елің Емен болса егер жаңқалама.
Сүзер кезде қошқарлар шегінетін,
Жау ішінде батырдай қалған дара.
Малға айналып,
жұрт неге шұбырмасын,
Еліңді егер басқарса малдар ғана.
Қала барсаң таланып қор боласың,
Сары маса,
қаптаған кандалаға.
Дала барсаң жүргенің тағы сорлап,
Қасқырларға жем болып, сардар аға!
Саңырауқұлақ секілді жарыса өсіп,
Суық қабір қаптаған сардалаға.
Аштан қатып патшадан құлға дейін
Аспан асты аңырап зарланама.
Неге артады ел-жұртқа батпан қайғы
Болашаққа жасалған Бағдарлама?!
Ұрпақтарға, білмеймін, мұра болып,
Артымызда бораған шаң қала ма?!
 Шаң қала ма?
Көк шыны мұз қала ма?
Сауыт болып киіліп құз, далаға.
Қазақ неге сорлайды алабөтен,
Жақсылығын жуастан қызғана ма?
Бағдарлама жаралмай күн нұрынан,
Жауар бұлттай түнеріп сыздана ма?
Боз балаға боз көйлек бола алмаса,
Қыжым қалай бола алсын қыз балаға.
Бағдарлама!
Кім жазып, кім құраған?
Жусан исін сезбейсің бұрқыраған.
Қуыс кеуде жұлымыр секілді бір
Қытай көстем үстінде жылтыраған.
Төбе боп та көзіме елестейді,
Сағым кешіп алыстан бұлдыраған.
Бағдарлама айналмай ар-намысқа,
Шолақ ойдан туды ма таңнан қысқа?
Бетпақ дала үстімен бедірейген
Айдағаны емес пе малды алысқа.
Қанша сілтеп шапса да жолға алысқа,
Шыдай алмай жер қапқан жолбарыс та.
Жұртты алысқа ұзатып,
Дүмділердің
Көшкені бұл емес пе қорғанысқа.
Бағдарлама!
Шырақ па жанған жаңа?
Есің болса
оны енді армандама.
Ақымақ қып жұртты да қойған жоқ па,
Туындаған ақылсыз Бағдарлама.
 Замандарда ант атқан,
қарғыс атқан,
Құрылмасын неге елге барыс-қақпан.
Сұмдық қанша тік тұрған төбе шашың
Келе жатқан жалғасып әлімсақтан.
Азамат боп танылған арын сатқан,
Жағасы елдің атанған жанын сатқан.
Албыраған аруын жатқа қиып,
Ағасы елдің саналған жарын сатқан.
Сол жыландар емес пе
нар халықтың
Қанан сорып, жүрегін шағып жатқан.
Өмір – өзен,
жағаға сұмдар шығып,
Сең бұзылса Алаштың арысы аққан.
Қашықтаған жағалау секілді бір
Бағдарлама жебені алысқа атқан.
Аяққа ұрған,
Шындықты балаққа ұрған,
Өтірікті заман бұл жарақ қылған.
Тауға, сірә, ұқсаймыз,
Қара орманы
Өртенсе де алысқа қарап тұрған.
2
Замананың бұрқанған бетін көріп,
Сорладық па саясат – жетімге еріп.
Бағдарлама көзіме елестейді,
Коммунизм елесі секілденіп.
Барша жұртты тиеп ап кемесіне,
Жаңа күннің тартса да белесіне.
Қызыл Кеңес күйреген жоқ па ақыры
Коммунизмнің алданып елесіне.
 Тауды бұзып жол салған қашалмаған –
Жүйке тозып,
көңіл де қасаңдаған.
Жұртты қалай жетелі деп айтасың,
Жеті жылда бір қырдан аса алмаған.
Көзді арбаған құбылма сағым қумай,
Күн кешкен жөн
жұрттың да бағын бұрмай –
Күтіп, баптап жүретін шақ туса егер,
Жорғасынан жорғаны жаңылдырмай.
Алмағайып күндердің белесінде,
Қарсы аласың оғын да,
жебесін де.
Суырылмай бұғынып қалып қойған
Нар қазақтың оқ қанша денесінде?
Тәуелсіз ел болсақ та,
Құлашты әлі
Кең жаза алмай келеміз,
Сенесің бе?
Жеті жылда жетіліп кетпес пе еді,
Бар болса егер бірдеңе жетесінде.
Жетілмеді,
Бұрмады бетін де өрге,
Жылдар қарғып басынан секіргенде.
Ашынбайын мен неге?
Ел-жұрт түгіл
Жеті жаста жетілген жетімдер де.
Жетімдіктің жүрсе де тепкісінде,
Жеңіп өскен тентегін,
тектісін де.
Жеті жаста дау шешіп,
Ер Бөлтірік
Жау түсірген желігіп жетпісінде.
 Алты бақан ала ауыз ер бірікпей,
Қалса ығысып назарға жөнді ілікпей.
Азбай-тозбай қайтеді еңселі елім,
Ұл туса да бөрі азу Бөлтіріктей.
Азса қалай шырқалсын жұлдызға әні,
Түнде – ұры,
Періште – күндіз бәрі.
Ұстанғасын өтірік Бағдарлама,
Қаңбақ қуып ой-қырда жүрміз әлі.
3
Жанның бәрін дос санап бесік көрген
Ел едік-ау қоң етін кесіп берген.
Көк ми Кеңес кең болып кімді оңдырсын,
Қырғын жасап қызыл қан кешіп келген.
Бұл күндері отырмыз жұрт атанып,
Ар-намысы босаға,
Есікте өлген.
Жұлдыздайын ақса да күн жорғалап,
Түсті дейсің аспаннан кім сорғалап.
Шындық – боздақ қиылып қыршынынан,
Өтіріктің тасы өрге тұр домалап.
Кең даланың айналмай түменге елі,
Күркірей ме кісінеп күрең белі.
Қызыл сөз де Кеңестен қалған мұра
Айналаңа құрылған кілемдері.
Өтірік те Кеңестен қалған мұра
Келе жатқан үзілмей сілемдері.
Өтірікпен соғыссын шайқасып кім?
Түбін жалап сорласын май қасықтың.
Алдап-сулап шығарып салады ылғи
Барма, мейлі, алдына қай бастықтың.
 Оқ жыланның басындай қайқаңдаған,
Бастық бар ма жұртты алдап қайтармаған?
Бұрын жалған сөйлеген жаза тартса,
Сорлайды енді өтірік айта алмаған.
Мұнарадай асқақтап құм белеңде,
Саңқылдаса Жалғандық мінбелерде.
Озып тұрса бәйге аты Өтіріктің,
Босқа өле ме жұрт ерттеп мінбегенде.
Тауы қайтып,
жігері құм болғасын,
Шырылдаған Шындықты кім қорғасын.
Өтіріктің алдында қалт тоқтайды,
Жеткен бойда ағызып Күн жорғасын.
Қандай зауал туса да адам шебер,
Тез көндігіп бәріне сапар шегер.
Жалғандыққа бой ұрмай қайда барсын,
Жалған Дүние жалған боп жаралса егер.
Қорғап келген әр бұта, әр төбені,
Шындық – қара орманның қарт емені.
Құзырына барша жұрт жапырылған
Өрге жүзген Өтірік мәртебелі.
4
Көк аттының кетсе егер бұтында әнің,
Кімге дәрі жынданып,
құтырғаның.
Шөлдегенде шілдеде қаның кеуіп,
Түкірігің – тамсанып жұтынғаның.
Ұпай жинап ұтқаның – Тәуелсіздік,
Бас аманда Ресейден құтылғаның.
Ала өгіздей өкірген өндіріс жоқ,
Азар болса сол шығар ұтылғаның.
 Жұрт тұтынбас тауарлар өндіргесін,
Шеттен келген тауарлар тұтынғаның.
Түсінбеймін,
Биікке неге өседі,
Ойламаған ел қамын, жұрттың қамын?!
Төбе бидей төріңе мұң жайланған,
Бүйректерге тас болып құм байланған.
Кішілерге жөн айтып,
бағыт сілтер
Үлкендердің милары суға айналған.
Бақыт қайда қазаққа дара қонған?
Ашып көрсең жүрегі жара толған.
Қарындастың қоқысқа лақтырғаны
Өзі туған шарана бала болған.
Запыранға толтырып боз даласын,
Көңіл неге ботадай боздамасын?
Келіншектер сатса егер күн көре алмай
Қалталыға қағынып өз баласын.
Бұрын бұндай кім көрген масқараны,
Жұртпыз десек бекер ме асқаралы.
Қалай тірі жүр екен ер-азамат
Байлап беріп жат қолға жас баланы?
Адам ардан жұрдай боп жұтағанда,
Сабыр сақтап қиынға шыдаған ба.
Қыздар – тәнін, ұл – жанын сатқаны аздай,
Ұрпақ сату не сұмдық жұрт аманда.
Шыққан ел деп саяси сахнаға
Шындықты айтам –
шыныдай шатынама.
 Туған ұрпақ – Болашақ болса егерде,
Өзің айтшы?
Болашақ сатыла ма?!
Жесіріңді аз ба еді күң еткені,
Жетіміңді аз ба еді құл еткені.
Тізгін, шылбыр ұстаған жайсаңдардың
Жұрт тонау ма самғатып түлеткені.
Жол үстінде шаң қапса босқын талай,
Қос құламай тұра ма,
дос жыламай.
Басшы, сірә, түзелмей
Соңына ерген
Тартқан сымдай түзелсін қосшы қалай?!
Ақын туған,
Тау жүрек батыр туған,
Ел де жетім көз жасы атырылған, -
Жол бастайтын бір көсем табылмаса,
Қалың жұрттың ішінен сапырылған.
Жетімхана секілді бұл күндері
Жарық әлем аспаннан шатыр құрған.
5
Өз жұртының көзінен қан ағызған,
Кіл сыбайлас сомдалып дара құздан.
Дүниені жалмауда,
Басқа ештеме
Қалдырмауға тырысып қара мұздан.
Жоғалмасаң көк ғарыш айдан асып,
Құтыласың сұмдықтан қайда қашып?
Коррупцияны құрта алмай жүр мылтықпен,
Қиратса елді мылтықсыз майдан ашып.
 Тірлік бар ма ауылда,
Далада оңған,
Дертке ұшырап балалар,
Сана солған.
Коррупция басталып жоғарыдан
Кіл сыбайлас жемқорға қала толған.
Терісіне ілініп сүйегі ердің,
Күйі қашқан құлдырап киелі елдің.
Суда жатып шіріген жіп секілді
Бәрі үзілген қантамыр – жүйелердің.
Тізгін тимей жөн-жосық білген ерге,
Сатылуда жер түгел кірмелерге.
Ат үстінде жүргендер ардан безіп,
Кең жол ашқан қылмысқа –
дүрбелеңге.
Қылмыстарды қорғайтын заң шығарып,
Солар және бүлік сап жүрген елге.
Сөз алса егер Әділдік
Бәрі бірдей
Түсер еді топырлап түрмелерге.
Жан тапсырып, кіргелі жұмыс көрге,
Маза бермей қан ішкен тынысты елге.
Қылмыс неге күшіктеп көбеймесін,
Қоғам өзі айналса қылмыскерге?!
Қылышынан қан тамып,
Оқ бораған,
Қылмыс қанша топ жарып тоқтамаған.
Қарға көзін қарғалар шоқымаса,
Қылмыскерді қылмыскер соттамаған.
Дүниенің жүзінен шырай қашып,
Жақсылық пен Жамандық жүр айқасып.
 Қоғам, адам –
Қарулы қос қылмыскер,
Күшке айналып үлгерген сыбайласып.
Жылан жолдар жер төсін орап жатқан
Шаң суырып көзіңе борандатқан.
Адамдардың санасын ақша билеп,
Белшесінен қылмысқа қоғам батқан.
Қылмыскерді қуған боп,
Құр көзді алдап,
Оқ тигізбей басынан жоғары атқан.
Ел басына жайғасып доғал талай,
Көктің жүзін бұлт басып жоғалды арай.
Көкірегіне адамның иман кірмей
Кесел дерттен айықсын қоғам қалай?!
...Кім сыйлады жұртына Алып Қайғы,
Болашақ күн бәрін де анықтайды.
Бағдарлама жасалған ұзақ жылға,
Ұзақтығын ғұмырдың танытпайды.
Бір жақсылық боларын сезсе халық
Сарғайса да күтуден жалықпайды.
6
Тізгін ұстап ел мұңын жоқтамаған
Сөзді ұға ма бойына от тарамаған.
Асыл сөзді пір тұтпай,
Ардақ тұтпай
Қарақшысы кеудеге оқ қадаған.
Қазақ бұрын орынды сөзге тоқтап,
Борап жауған оқтарға тоқтамаған.
Бала жүрген ол кезде данаға еріп,
Дана жүрген ақылды балаға еріп.
 Асыл сөзді ту етіп көтерген-ді,
Алатаудай айбынды дара көріп.
Кісі сыйлап,
Сөз сыйлап өскен қазақ
Сатып алған бір сөзді қара беріп.
Ата рухын сұп-суық желге қарып,
Жылағаннан не пайда жерлеп алып.
Сөзі түгіл қазақтың өз басы да
Сорлап жүрген жоқ па әлі жерде қалып.
Жүрер жол жоқ...
Бәрін де тұйықтаған,
Сапалақ та,
Сайтан да иықтаған
Бұл қазаққа бүгінде не айтасың,
Ғасыр бойы қасынып ұйықтаған.
Күн кешті ме заманнан дүре көрмей,
Келе жатыр, әйтеуір, жүрегі өлмей.
Кісі сыйлап,
Сөз сыйлап кім жүгірсін,
Қазақ рухы тіріліп түрегелмей.
7
Рухы,
жаны таланған көп тоналып,
Қайғы есептеп өскен жұрт шотқа салып.
Құның сенің көк тиын,
Мың қаралық,
Жыр жазсаң да лапылдап отқа жанып.
Хан алдына бейбақтай білмей барған,
Күллі өнердің тағдыры мұңға айналған.
Босағадан сығалап жанықса да,
Бағдарламаға әуелі кірмей қалған.
 Соғып жүріп тау-тасқа бұла басын,
Кейін кірген аңырап жылағасын.
Қазақ рухы тұра ма тағы да өлмей
Шаңырағы өнердің құлағасын.
Ақ берені,
ұшқанда мергені оққа,
Рухы қалған қазақтың сөнген отта.
Қазақ көзін тұмшалап саясатпен,
Көз жібертпей алысқа келген жоқ па.
Арылмаған көңілі шын үрейден,
Өнер – бейне жетімдей сүмірейген.
Жанарынан от сөніп,
еті қашып,
Өлең-сөздің көздері үңірейген.
Жоқ болса да цензура,
Түн жамылған
Қорықпасын жалғанда кім дүлейден.
Таппағасын кісілік дос, ағадан
Сығаламай қайтеді босағадан.
Төлеген-жыр тұра ма жер жастанбай,
Шыға келсе Бекежан Қособадан.
Күзетсе егер желкеден оқ қорғасын,
Жүрек қалай ел мұңын көп толғасын.
Уытынан айырылған
Азат елде
Сөзде, тілде Бостандық жоқ болғасын.
Күнің қараң айтсаң да аз ғана сын,
Маздау қажет ақыры маздағасын.
Кім оқысын қазақша басылымды
Шындықты айтып шырқырап жазбағасын.
 Сұмдықтарды жазса егер қырына алып,
Көрге апарып тығады жынын қағып.
Жанартаулар тұншығып келеді әлі,
Тас бітеліп ауызы тығындалып.
Сөз де,
тіл де айырылып уытынан,
Шырын сөлі жоғалған суы қалып.
Не қасиет қалады жыланда, айтшы?
Тастаса егер тілінің уын алып.
8
Ауылдарда қан жұтып қазақ қалған,
Тозақ қалған,
қыңсылап азап қалған.
Байрақ етіп көтерген туларының
Жиектері көз жаспен шашақталған.
Төрт тұяқты малдардан есек қалған,
Төрт құлақты үйлерден кесек қалған.
Патша сөздер тіріге қажет болмай
Желдей ескен жезөкше өсек қалған.
Кие кетіп,
кекиген кесір қалған,
Ие кетіп,
селтиген жесір қалған.
Қос өкпеден құрсаулап қысатындай
Қазақ байғұс тағдырдың несін алған?!
Түлкі-үмітке алданып қылаңдаған,
Тірлік етіп мал жиып құралмаған, –
Қазақ, азап!
Қос ғашық секілді бір
Көрмесе егер бір-бірін тұра алмаған.
 Қарап қалса қайғы ішіп қара жерге,
Қалай жетсін талпынбай саналы елге.
Түк ойламай бейғам жүр қазақ әлі:
– Қатын жолда, – деп күліп, – бала белде.
Шаң қондырмай бірақ та шалғайына,
Бар ма азамат қараған хал-жайыңа?
Сырт айналған олар да:
Бұл қазақтың
Жазылған деп азап, сор маңдайына.
Бақ-дәулеттің тайпалған көк жорғасын,
Көк желкеден қиғасын оқ-қорғасын.
Көл қорыған қызғыш та жоғалған-ды,
Ел қорыған Махамбет жоқ болғасын.
Бұйырмаса өзіне жайған малы,
Аштық боран соғады қайдан да әлі.
Күн көрістің қамымен жанталасқан
Аспан асты,
Жер үсті...
Майдан бәрі.
Қылкөпірі тұрса да қияметтің
Айбар, сұсын асырып Айдан да әрі –
Елін түгел аман-сау алып өткен
Қайдасыңдар,
Қазақтың пайғамбары?!
...Жігер күшін далаға,
Құмға айғақтап,
Ел сенімін ер жігіт тумай ма ақтап?
Тәуелсіздік бір сыйлап,
ырзық бөліп,
Халқымды әлі келеді Құдай сақтап.
 9
Көктей солса тіршілік қалған өсіп,
Көгере ме көсеге алға көшіп.
Өшкен жанып жатса егер өскен елде,
Біздің елде жатқандай жанған өшіп.
Айырылған тоғынан – қуатынан,
Мұнаралар ыңырсып құлатылған.
Судай жаңа зауыттар қиратылып,
Тұғыр тасы кесектей уатылған.
Шел түсті ме, білмеймін, ел көзіне,
Ұйып тыңдап сенеді жел сөзіне.
Өкімет те – жас бала, не істемейді,
Тисе егерде жас бала еркі өзіне.
Суық ызғар боратқан тамұқ көрдей,
Сұмдығымды жүр дей ме халық көрмей.
Ұрыларға жағынып, жағдай жасап,
Ауылдарға келеді жарық бермей.
Туған елдің болғасын тілегі еш,
Төңірегі,
маңайы кілең егес.
Жеті жасар өкімет жерден таяқ
Жесе де әлі ақылы кірер емес.
10
1945 жыл.
Тамыз айы табиғат тамылжыған,
Самал есіп тербелген жал, құзынан.
Ақыл-ойы адамның атом болса,
Көгере ме халықтың қарғысынан.
 Рух жаңылып жолынан,
жорғасынан,
Көз жазды ма Бақ, Қыдыр жолдасынан.
Хиросима,
Көкке ұшқан Нагасаки
Адам жарған
Атом бомбасынан.
Не себепті?
Неліктен
Бақытқа емес,
Дүние-әлем қақпасы сорға ашылғын?!
Тал шыбықтай бүгіліп, бұратылып,
Ұлтын көріп баратқан уатылып.
Императоры жапонның
Зұлымдықтың көзіне тура атылып.
Қасіретін шеккен атомның
Туған халқы алдында тізе бүгіп,
Қақырата жер-көкті
Қасқырдай жылады ұлып.
– Кешір! – деді еңіреп. – Кешір мені,
Адамдардың аз емес есіргені.
Жауыз ұрпақ өмірге сыйласа егер,
Бастағаны емес пе кесірге елі.
Көгершінге,
Жем шашқан кептеріне,
Атом неге жарды әкеп текті еліме?!
Адамзаттың ақылы,
ой-өрісі
Өлім ғана себуге жеткені ме?!
Ар-намыс боп қаныңның тулағаны,
Ажалға да беріспей шыдағаны.
 Азғаны ма?
Бұл қалай адамдардың
Халық қырып,
қаруын сынағаны?!
Жығылғаны рухыңның емес, бірақ
Қос қаланың күл болып құлағаны.
Кемеңгерліктің үлгі етіп кереметін
Бастарыңа оратам жұмақ әлі.
Шырқалса егер өмірдің жалынды әні –
Жапондардың биіктен табылғаны.
Жарылғаны басыңның емес шығар,
Бір-екі атом төбеңде жарылғаны.
Жаулар барда көксеген таңнан егес,
Көрген жоқ-ты бізді алдап арман, елес.
Ажал шашқан атомнан
Рухың сенің
Күшті екені, нар халқым, жалған емес.
Жанар оты жарқылдап мұң байланған,
Туады ұрпақ қайғыдан тумай қалған.
Сұлу қала күні ертең бой түзейді,
Қос қаланың рухы боп күлге айналған.
Қасіреттің,
қайғының дымын құртқан,
Тұңғыш елде атомның уын жұтқан.
Қорғаса егер сұлулық Дүниені,
Қала орнайды жаралған сұлулықтан.
Ақылды елде,
Ақ сұңқар саналы елде,
Адам рухы жатпаған қара жерде.
Қала болып,
Зауыт боп көтеріліп,
Бұлшық ет боп ойнаған дала, белде.
 Темір сауыт тозса егер жебе кірген,
Жартас сынып, жарылған шеге кірген.
Теңіздер де тартылған зауал туса,
Көкжал төбет толқыны кемеге үрген.
Жапон, бірақ, ірі елге айналады,
Атомның да апатын жеңе білген...
Атом жарса еліне сынағалы,
Императордың сөз бе екен жылағаны.
Бірақ туған халқынан тізе бүгіп,
Ерлік еді кешірім сұрағаны.
Шам-шырағы жанбаған көптен өшіп,
Саналы елдің алдынан көктем есіп.
Императордың төгілген көз жасынан
Жапон елі гүлдеген көктеп өсіп.
Бас сырқырап,
мезгіл де ми да қатқан,
Сиырдайын қара ұйық – қиға батқан.
Қазағымнан кешірім кім сұрайды,
Талқандалып соғыссыз қирап жатқан?!
11
Орыс тілі – барлық тілдің сұлтаны,
Қазақ тілі – барлық тілдің ұлтаны
Емес шығар.
Бірін – асқар, бірін – астар көрсе егер,
Көздеп атып сағақ, қылтаны.
Ол да, бәлкім,
Мәңгүрт боп өссін деп ұрпағы,
Жайқалмасын деп жасыл жыр бағы,
Саясаттың түлкі құйрық бұлтағы.
Тауға атылған асау толқыны,
Кең емес пе бұл қазақтың қолтығы.
 Орыс тілін он ораған, санасаң,
Сөз қорының молдығы.
Көкжал заман таласа да
Көкжалдықтан танбаған,
Ұйықтаса да төрт ғасыр
Ұйқысы әлі қанбаған
Аздығынан сорлап жүрсе бұл қазақ
Азапты іздеп соңынан бір қалмаған.
Тілі, мүмкін, сөз қорының шұрайлы
Көптігінен бағы, сірә, жанбаған.
Қазақ тілін қорғап жанын салмаған,
Мәңгүрт біткен қайда қаңғып қалмаған.
Керек десең тастау үшін итіне
Жендеттер де басын қағып алмаған.
Тіршіліктің гүлдеп бүршік жарғаны,
Күйік болып бағынбаған заңға әлі.
Аққуды атқан жауыз да
Атпаған құзғын, қарғаны.
12
Қолын сенен тарта ма жат суынбай,
Жүргеніне тәуба де атшы қылмай.
Қай бетімізбен барамыз Болашаққа,
Таяз болса санамыз қақ суындай.
Табанының астында жер бүктеліп,
Патшаға да,
Кеңеске ердік көніп.
Қандай заман туса да күн кешеді,
Даласы кең ел неге кемдік көріп?
 Қызыл Кеңес – қызыл сөз уағында,
Ойнаса да асаудың құлағында,
Жүзіп, сірә, көрді ме жылы ағында.
Көлеңкеде күйбеңдеп күй кешті ылғи
Тіршіліктің жетілмей шуағында.
Миларына саяси шеге қағып,
Ақыл-естен тандырған тұрағын да.
Ата рухын, намысын өлтірген-ді,
Түгел улап суын да, бұлағын да.
Қазақ – қылыш болса егер,
Бір суыртпай
Сындырған-ды қылышты қынабында.
Уыз емес у беріп ұрпағына,
Айналдырған қырғынның қырманына.
Саясаттың добы боп жұмыр басы,
Қазақ рухы шалынған құрбанына.
Өткен – өтті...
Жоғалған көк тұманы,
Қайта оралмас –
Көңілдің жоқ күмәні.
Тәуелсізбіз,
Арман не тұрса қайнап,
Қызыл шоқта қазақтың тоқ құманы.
Елдің өткір болмауы мүмкін емес,
Шырқалса өжет, ызалы өткір әні.
Қалмаса егер ар-намыс
Жүрегі өліп,
Тірілмей ме өр рухы түрегеліп.
Жығылды ма қайтадан Азат күні
Абыз қарттай атына міне беріп.
Жанбағасын санасы шам-шырақтай,
Өзені де өріне жатыр ақпай.
 Суық желдің өтінде қалған жоқ па,
Қазақ рухы қалтырап жапырақтай.
Кім кінәлі?
Қазақ па нар тұлғалы?
Көзін сатып жүгірген жарқылға әлі.
Жақсылыққа ұмтылмай
Жалған емес,
Руханият – байлықтан тартынғаны.
Сана қуып, ой қуып саңлақтанған
Болашағын ерте ойлап қам қылғаны.
Байлық қуған санасын ақша билеп,
Болашақта жүргендер қаңғығалы.
Қай кезде де тынбаған рухын жоймай
Руханият – байлықтан тартынғаны.
Еспегелі саумал жел сардаладан,
Қасиет те жоғалған бар қаладан.
ДЖИП-ке мінген жасық ұл
артқан заман
Жіп иірген ұрпақты арлы анадан.
Әуре болма, сәуле іздеп санасыздан,
Қайыр күтіп қайғырма панасыздан.
Өмір неге тозаққа айналмасын,
Қоғам тұрса сомдалып қара мұздан?!
Қызы ұнаған,
Жат жұртқа құзы ұнаған
Қазақ содан тобыр боп пышыраған.
Елдің қалай рухы асқақ болады, айтшы,
Рухани азғындыққа ұшыраған?!
* * *
Қабырғадан сөккесін қақыратпай,
Бұлағы да бұл елдің жатыр ақпай.
 Жанбағасын санасы шам-шырақтай,
Өзені де өріне жатыр ақпай.
Суық желдің өтінде қалған жоқ па,
Қазақ рухы қалтырап жапырақтай.
Кім кінәлі?
Қу мыстан саясат па?
Жасап еді жақсылық қай қазаққа?
Өз елінде жүрсе де, өз жерінде
Қара көздер төзбеді қай азапқа?
Сұмдықты істеп бұрын-соң жұрт қылмаған,
Түкірігін қазақтың жұттырмаған.
Сары орыстың оқыста иті ұлыса,
Жауап алып,
жауығып тұтқындаған.
Ұстап келген үнемі тұншықтырып,
Күні бар ма өр басын бұқтырмаған.
Қара арғымақ секілді көрінгесін
Аспанында Алаштың бұлт тулаған.
Дүниенің жұмбағын шеше білген,
Алаш елі жұрт дей ме есек мінген.
Өзге ұлыстар қашанғы күн көреді,
Айналайын қазақтың есебінен.
Құдай ұрып төбеден қара баспай,
Ер оңған ба ел-жұртпен араласпай.
Саясат та, қайтеді, бұл қазақты
Жүрсе егер де өзімен жағаласпай.
* * *
Ойламаса саясат боз даласын,
Неге менің қанымды қозғамасын.
Жақсылық па?
 Жағынып жат біреуге
Әке егерде сабаса өз баласын.
Саясаттың ысқырып желі ескенде,
Қазақ неге сорлайды белес-белде?
Рухы қайда?
Егеулі найза болар,
Екіталай күн туып егескенде.
Сұм саясат атылған оқ көрініп,
Қанша ғұмыр өмірден өтті егіліп,
Жанарынан жас болып кек төгіліп.
Қазақ неге жүруге тиісті, айтшы?
Қанжығасында тағы да бөктеріліп.
Қайық етіп,
сенімін кеме де етіп,
Қазақ жүр ме қайдан да желең өтіп.
Неге,
неге соқтыға береді, айтшы?
Саясатты ылғи да желеу етіп.
Қыран сырын,
қылығын қыранша ұғып,
Қазақ еді үйренген құлан жығып.
Неге жүндей береді
Жұлындарын
Үзсе егер де жуастан жуан шығып.
Ой-санасын қазақтың жоққа санап,
Аш та сабап,
тоздырған тоқ та сабап.
Сонда да әлі келеді ақыл кірмей,
Тезек етіп жақса да отқа қалап.
 Неге бұлай?
Толтырған өрін көрге
Не айтасың арақкеш көңілді елге?
Қызық қуған қай жұрт та сана өсірмей,
Қай кезде де жем болған көрінгенге.
Сана қуып көңілін сергітпеген,
Қай елге де еңселі ер бітпеген.
Кеңіткенмен бұл қазақ қой өрісін,
Ой өрісін өркендеп кеңітпеген.
Абыз болмай Алаштың ақсақалы,
Қалың жұрттан таппайсың жақсы ағаны.
Ел де,
ер де тегінде мықты болмай
Саясаттың еспейді ақ самалы.
Айдарынан жел еспей айдынды ердің,
Жарқырай да қоймайды ай, күні елдің.
Ата рухым!
Жығылған кер бестідей
Қай кезеңде,
қай белде қайғылы өлдің?!
Түрегеліп қайыра атқа қонғын,
Құшағында жатсаң да жайлы жердің.
Саясатқа жасамай қазақ ықпал
Көрінбейді сапынан айбынды елдің.
13
Қызыл Кеңес құрлымы қаусағалы,
Қайдан ессін дей ме алдан тау самалы.
Жасаған боп жақсылық, көмектесіп,
Бізге қарай бастаған жау саналы.
Балық көріп түспеген қауғаға әлі,
Көмектесіп көңілді аулағалы,
 Жылан болып көзіңді арбағаны.
Құтылғанда Ресейден,
инвестер боп,
Жүрген жоқ па қаржымен жаулағалы.
Бабалардың ерлігін өрде көрген,
Жаудың бәрі кезінде жөнге көнген.
Қызықпаған жат бар ма,
қазыналы
Даласына қазақтың дөңгеленген.
Көріп өссе өзінің бағын шыңдай,
Тауы қалай шағылсын сағы сынбай.
Ағылуда жат жұрттар
Үндістердің
Алтынына асыққан ағылшындай.
Түкірігің –
айналса тамағыңа,
Неге көк мұз қатпасын қабағыңа.
Бірге өсірген сәбізді жаттар алып,
Жүрміз, сірә, алданып сабағына.
Жұрттың үйге кірерін есігінен
Жас бала да білмей ме есі кірген.
Соны білмей өзгеге табынамыз,
Жанға балап оқыған бесігінен.
Жіп өткізіп берсе де мәзбіз сонша,
Мысық көзді моншақтың тесігінен.
Малға балап қырда өрген,
Аймақта өрген
Қарыз алып жатырмыз майлап берген.
Алмай қайда барасың
жұрт болғасын
Сары суын, іркітін қаймақ көрген.
 Олжа таппай жат кімді жарылқасын
Атан алып орнына тайлақ бөлген.
Солар салған зауыт та зауал шығар
Күні бұрын жарағын сайлап келген.
Ақ дауылмен алысқан қайық құсап,
Өз күшіңді жөн бе еді байқап көрген,
Қарыз ала бергенше айбатты елден.
Белуардан қарызға баттың қанша
Топ киіктей адасып сайғаққа ерген.
Жұрт атанып жүрмейік
өтей алмай
Өз ұрпағын құлдыққа байлап берген.
14
Езу тартып сұр ғалам күлмегелі,
Мазалауда сұмдық ой күнде мені.
Жарық Жалған секілді Алып Түрме
Ақыл-ойды жаралған күрмегелі.
Құрбанына айналып саясаттың
Тоғытылған жаһанның түрмеге елі.
Жарық Жалған болса егер Алып Түрме,
Түрме ішінде сенеді анық кімге?
Жарты күндік сәуле үшін жанталасып,
Талап келген бір-бірін халық-бүрге.
Егін екпей,
Жер жыртпай,
Орақ ормай,
Шұбырса егер жұрт түгел қора қойдай.
Жол бастаған серкесі адастырса,
Қайда барсын торғайдай торға қонбай.
Тұтқа болсын қай туған қай балаға,
Тұрса қарап аңырып айдалаға.
 Ел болар жұрт сөгіліп қабырғадан
Қара тобыр жындарға айнала ма?!
Ел болар жұрт ақша емес, сана қуған,
Айдын көлдей далаға дара тұнған.
Туа бермей самапал жасық ұрпақ,
Ел қорғайтын ер мінез бала туған.
Ел болар жұрт датын да датқа қылған,
Жұртын түгел шұғыла баққа бұрған.
Боз баласы әсерден қаша бермей
Бес қаруын асынып сапта тұрған.
Туған бойда ақыл-ой, сана қуған
Ер Құнанбай Абайды дана қылған.
Жетімдерге көктем боп кім қарасын,
Түсіп қалған қыздардың балағынан.
Дән де пісіп қалайша жетіледі,
Суық ызғар жаудырмай қабағынан.
Жеті жасар жас бала жарамай ма,
Жұбатуға сәбиді жаңа туған.
Жүрмегесін жадырап күліп елде,
Қалай ғана жайқалсын гүлі белде.
– Мемлекетім менің! – деп, шырқап айтып,
Мақтанғанын көрдің бе тірі пенде.
Аспанында қара жал бұлт тулаған,
Құрыш кеуде қазақтай жұрт тумаған.
Кең даланың жұп-жұмыр төбелері
Бұлшық еті ойнақшып бұлтыңдаған.
Құлдығынан Ресейдің босағанда
Жоқшылықтың құрсауы тұтқындаған.
 Зауал бұлтын үйірген талаптыға,
Жоқшылықсыз даланың таңы атты ма?
Қазақ содан ауысқан секілді бір
Бір түрмеден екінші абақтыға.
Тұрса барлап Бақ, Қыдыр іргесінде,
Ар-намыс боп тулаған бір кешінде.
Қазақ аман болса егер,
шығар әлі
Жоқшылықтың талқандап түрмесін де.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу