Өлеңдер ✍️
АНАМНАН ТУҒЫМ КЕЛМЕЙДІ НЕМЕСЕ ТУМАҒАН ҰРПАҚ ҚАРСЫЛЫҒЫ
1
Анамнан туғым келмейді,
Не үшін келем өмірге.
Заманға сенгім келмейді,
Қара у құйған көңілге.
Адамға сенгім келмейді,
Қасірет сепкен өңірге.
Өмірде бар ма мағына,
Жинаған жұрттың өсегін.
Жармасқанда қолдар жағама,
Жағаласпай қалай өсемін.
Анамнан тулап туғанда,
Кім үшін ғұмыр кешемін.
Сүліктей сорып шырынын,
Ер үшін бе елін сорлатқан.
Жанының ұқпай шырылын,
Ел үшін бе ерін орға атқан.
Ұятсыз, арсыз тірліктің,
Иттігін бастан кешкенде.
Шырылын қорғап Шындықтың,
Алдымнан бақыт ескен бе.
Өрісті ер боп жетілген,
Өскеннің бәрі есті елде.
Өмірге келіп қайтемін,
Түсінбесе мені еш пенде.
Қорғайтын мені ер қайда?
Тұрғанда келмей ұсқыным.
Туғанымнан менің не пайда?
Аузында кетсем тістінің,
Қолында кетсем күштінің.
Арайлап атқан құт таңда
Шыққанда шауып құрсақтан.
Қайырым көрмей жұрттан да,
Ашылмаса көзім бұршақтан.
Керегі не ондай өмірдің,
Жақсы одан қайта тумаған.
Төсінде дала, өңірдің
Жауыздық барда мыңдаған.
Зұлымдыққа қарсы ұрпақпын,
Арқыраған айғыр әкенің
Қанында қарғып тулаған.
2
Дұшпан көз сырттан бағуда,
Мықты ма елдің қорғаны.
Биліктің басын шағуда
Жыландар жайлап ордалы.
Ер жігіт тізгін ұстай ма,
Ел басын шауып орғалы.
Көктемде,
жасыл көк белде,
Өсе ме гүлдер солғалы.
Қара дауыл соққан кемедей
Күйремесе жұртым болғаны.
Басында отырған тоғанның
Дүмділердің іші майланған.
Семірмей қайтсін борсықтай,
Қанжығасына Қодар қоғамның
Күллі елдің басы байланған
Томпайған торы торсықтай.
Ұрпақтарының ырыс, байлығын
Ішіп-жеп, жалмап тауысқан
Қалдырмай қатық, шайлығын.
Сімірген кілең сауысқан –
Ел билеген ерлер емес пе
Естері түгел ауысқан.
Мәңгүрттер билік құрғанда
Өмірге келем мен қалай?
Жоқшылық қысып тұрғанда
Шашып ед қашан елге арай?
Ар-намысы өлген мәңгүрттер
Айналған мылқау, кереңге.
Олардан есті жәндіктер
Үйренген жүзіп тереңге.
Қорлаған туған анасын,
Даласын неге сатпасын.
Сұмдық ой билеп санасын,
Халқыңа тіреп ат басын
Шетінен шертіп атпасын.
Ақырзаман жұртқа орнатып,
Тізгін ұстап солар жүргенде,
Анамды мен де сорлатып,
Туайын неге мұңды елде.
Маздаған отын сөндіріп,
Сарсылған қайта жаға алмай,
Алмай ма аштан өлтіріп,
Ата-анам мені баға алмай.
Зұлымдық алдан кесе өрлеп,
Жеткізе ме баққа – арманға.
Кім келсін азап кешем деп,
Түрме өмір жарық Жалғанға.
Келмеймін мен де...
Көзімнің
Болса аштық алғаш көргені.
Шыдамдылығын, қайтем, төзімнің,
Туса егер сәби өлгелі.
Қалаға,
Қырға,
Далаға
Зауалдың бұлты төнгелі.
Не дейсің арлы анаға,
Туса ұрпақ жерге көмгелі.
Бақытқа ғана жаралған
Сәбилер туып, өлсе егер,
Ұрпақтарынан ұлы нәр алған
Жұрт өсіп қалай жол шегер?!
3
Анамнан туғым келмейді,
Жоқшылық болса татқаным.
Заманға сенгім келмейді,
Аштықтың құрған қақпанын.
Қуығында айғыр әкенің
Одан да ұрық күйімде
Жақсы емес пе ұйып жатқаным.
Ағыстар өліп тоқтаған
Қаңтарылған аттай кермеге.
Арыңды кім бар жоқтаған
Десең де қанша ел-кеме.
Жұрттың бәрі азған-ды,
Тағдырын байлап теңгеге.
Жоғалтып ерте көктемін,
Сорлады деме ел неге?!
Жатқанда құшып ажалын
Ер жігіт ару құшпаған.
Туамын қалай,
Тажалым
Тұрса алда найза ұштаған.
Ендеше, елде бақ бар ма,
Тобырға біткен айналып.
Қара құйынды қилы шақтарда
Бар ма ұрпақ шығар сайланып?
Ұрпақтар – соңғы артқы арба,
Үлгермеген әлі майланып.
Жайқалмай тұрса жыр-бағы,
Ертеңін оның сұрама.
Қайыршы елдің ұрпағы,
Қайыршы болмай тұра ма?
Бақытты бізден жылан да,
Жалғаған ғұмыр – сапарын.
Көбейту үшін туам ба,
Қайыршылардың қатарын.
Тумаған бақыт анадан,
Жын-шайтан артқан бұл күнде.
Қасиет кетсе даладан,
Қаладан кетпеу мүмкін бе.
Қасіретін көрмей бораған
Бедірейген бетпақ даламның,
Іріген сүттей жоғалам,
Жатырында шіріп анамның.
4
Сахара, сайын даладан
Тапсаң да бақыт түбінде.
Туғаннан гөрі анадан
Тумаған жақсы бүгінде.
Кең шолып қазақ даласын
Алдыңнан бақыт аңсама.
Аманат етіп баласын
Несие алды қанша ана?
Көк теңге билеп санасын,
Сөйлеген теңге тілінде.
Жат жұртқа сатқан баласын
Аналар аз ба бүгінде.
Азаттық алған ақ таңда:
Сатылып ерің жатқанда,
Сатылып елің жатқанда,
Сатылып жерің жатқанда,
Сатылмасын неге сәбилер,
Жоқ болса елі әлдилер.
Сұм нарық төнген қатер ме?
Жүр дейсің кімді ұлытпай.
Сатылған сәби жат елге,
Тұра ма тегін ұмытпай.
Көз салмай өссе тауыңа,
Ертеңін оның сұрама.
Айналып ата жауыңа,
Оқ атпай саған тұра ма?
Безінген заман баладан,
Тартса да қандай сыбаға,
Жат жұртқа ұрпақ анадан
Сатылу үшін туа ма?!
5
Жоқшылық қысып бүргенде
Санасы жұрттың уланған.
Аулада ойнап жүргенде
Сәбилер қанша ұрланған?
Адасқан жандай боранда,
Қылмысқа батып шатылған,
Қарақшы қорқау қоғамда
Сәбилер қанша сатылған?
Тапсаң да бақыт даладан
Толықсып айың туғанда,
Тумаған жақсы анадан,
Сатылып кетпей тұрғанда.
Намысыңды таптап табанға,
Қоң етіңді қарпып асаған,
Не дейсің арсыз заманға
Бала ұрлап бизнес жасаған.
Жоғалғаны ма, сірә, сенімнің,
Көтерілмей жатып белеске.
Жас ұрпақ туған еліңнің
Болашағы емес пе?
Жөн сілтеп жұртқа осынау,
Қоғамның дертін емдер кім?
Болашағы қайдан болсын-ау,
Болашағын сатқан елдердің.
6
Ызғары жүрек қарыған
Болашағым бұлдыр мұнар күн.
Арғымақ аттай арыған
Анамнан қайтіп туармын.
Қасірет көшіп даламнан,
Көрмесем нұрлы көктемді.
Туғанда тулап анамнан
Құртпай ма құрт жеп өкпемді.
Намысы жоқтар бұл күнде
Жараған кілең тоғынан.
Өлмеуім, сірә, мүмкін бе,
Киллердің атқан оғынан.
Бағы артқан жауыз жандардың
Жаңылған ата жолынан.
Әскерге барсам «шалдардың»
Көз жұмам қанды қолынан.
Сұр ғалам – майдан алаңы,
Көгінен күнде оқ ұшқан.
Жұмыр жер содан жаралы
Жауығып жұрты соғысқан.
Шаршамайды екен адамдар
Қалжыраса да Дүние соғыстан.
Туғанымнан менің не пайда,
Оққа ұшып өлсем оқыстан?
Табылған өлік қаншама,
Үйілген қара қоқыстан.
Басыма бақыт қона ма,
Тірлікте өтсем жарымай.
Тумаған жақсы
Молаңа
Тұрғанда иттер сарымай.
Кесірінен қатер – қатенің
Тіршілік көзі суалған.
Ұрықпын айғыр әкенің
Қанында ұйып қуарған.
Тәуелсіз елге не дейсің,
Жаназамды тумай шығарған.
7
Жоқ болып қазақ есепте,
Көзімнен жасым жиі ақты.
Өтпелі кезең десек те,
Өлмелі кезең сияқты.
Қасірет бұлтын кім тілер,
Кезеңде мынау өлмелі.
Өз халқын жерге дүмділер
Жүргенде тірі көмгелі.
Сағымы көшкен қырында
Кеңдігі тартқан далаға.
Қара көз қазақ шынында,
Өкіметке өгей бала ма?!
Қаршыға қара баласы
Саналмай тірі адамға.
Айналды неге даласы
Саяси ойын алаңға?
Саяси ойын жоқ әлі,
Қазақтың мұңын жоқтаған.
Ұмтылып төрге – жоғары,
Мылтығын қайта оқтаған.
Саясат па бұл да, кім білсін,
Басшылар бай да, ел кедей.
Көгінен қалай күн күлсін,
Қиылып жатса желкедей.
Ақымақ басшы елін де,
Ақымақ етпей тынбаған.
Өссе де туған жерінде,
Шынары бар ма сынбаған.
Жүргенде қазақ тілі де
Мемлекеттік тілге айналмай –
Естіле қоймас үні де
Парламентке пірлер сайланбай.
Түзелмесе заман түбінде,
Бейбастығын тыйған жеңгедей.
Қазақтың құны бүгінде
Құнсызданып біткен теңгедей.
Артады деме жұрт құны,
Азамат тумай тұлғалы.
Саясаттың – қазақ тұтқыны,
Саясаттың – қазақ құрбаны.
Ендеше, асыл ананың
Не керек бала туғаны?!
8
Жарқ етіп ойнап шығармын,
Суырылған алмас семсердей.
Атаның жолын қуармын,
Қадіріме жетсе ел сендей.
Намысың сенің ерте өліп,
Өр рухың жерге көмілген.
Араққа күйіп өртеніп,
Абыройың және төгілген.
Ғасырдың «жаңа» қазағы –
Ұлтының азап, мазағы.
Ғасырдың «жаңа» қазағы –
Орылғанда егін, егістік
Аңызда қалған масағы.
Ғасырдың «жаңа» қазағы –
Қандасын қанға бояған
Болса егер жаттың жасағы.
Қазақ бар жерде азап көп,
Бетімді жаспен жуамын.
Қазақтың жауы қазақ боп,
Тұрғанда қалай туамын?!
Адамзат қайда саналы
Жын-пері бәрі тасынған.
Жер-жаһан соғыс алаңы,
Күллі әлем қару асынған.
Арайлап таңым атқанша,
Жүрем бе қорқып белесте.
Соғыста өліп жатқанша,
Тумаған жақсы емес пе?
9
Жағадан жоқтық алғанда,
Шибөрісі қаптап нарықтың.
Туамын қалай...
Қалғанда
Қажеті болмай халықтың.
Ұлыстан, ұлттан бағалы
Уылдырығы жайын балықтың.
Қыспағында қалған нарықтың,
Қамын жеп қара халықтың
Анамнан тумай қамықтым.
Арқыраған айғыр әкенің
Қанында тулап жанықтым –
Жүргендей Елім үстінде
Қара жер – Алып Табыттың!
Суырылып шығам семсердей
Күте бер мені, Жарық Күн!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter