Өлеңдер ✍️
ДІНІ НЕТКЕН ҚАТТЫ ЕДІ БОЗ ДАЛАНЫҢ
Ұлбикені сойып, өкпесін алып көрсе,
өкпесі жыбырлап тұрған жазу екен.
Көрген жұрт ботадай боздапты.
Мәшһүр Жүсіп КӨПЕЕВ.
Жырың тарап даланың бел-төсіне,
Сардар сөздің айналған серкесіне
Ұлбике ақын сен едің,
жыр-үнің боп,
Ұя салған бұлбұл құс кеудесіне.
Қарайғанның бәрі де қыбырлаған
Боз торғай боп кеудеңде шырылдаған.
Ақыны едің даланың
Дүние-Әлем
Құлағыңа сыр айтып сыбырлаған.
Қара тобыр жаныңды түсінгенде,
Түлетер ең тұншықпай құсыңды елде.
Қара тастың тамыры бүлкілдеген
Жырың елге сәулесін түсіргенде.
Жүзіп жүрген аққу ең мөлдір көлде,
Тағдыр саған қатерін төндірді елде.
Жұлдыз көзі аспанның ағып түскен
Өз күйеуің сені ұрып өлтіргенде.
Жаманы көп заманда қарақтаған
Кімдер өсек сыртыңнан таратпаған.
Ұлы ақын ең, Ұлбике, айтысқанда
Тірі жанды бетіңе қаратпаған.
Сырнай тартқан жел үнін тыңдай қалып,
Алаулайтын бал жүзің шымқай жанып.
Балдай тәтті басталған ақын-ғұмыр
Кім ойлаған бітер деп уға айналып?!
Қуыс үйден шыға алмай тыпырлаған,
Тал бойыңды жыр кернеп шымырлаған.
Сені сойып өкпеңе үңілгенде,
Көз тұнған-ды жазуға жыбырлаған.
Жұрты түгел таңырқап боз даланың,
Сен де естідің ботадай боздағанын.
Содан кейін қыз бала көрінбеді
Семсер етіп ұстаған сөз жарағын.
Жұрттың қайтсін ботадай боздағанын,
Кешпегені бұл, сірә, боз даланың.
Күшенсе де туа алмай сендей ақын
Ғасыр бойы жатыры тозды ананың.
Діні неткен қатты еді боз даланың?!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter