Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
21.04.2022
157
Сырдария
Шығысқа қарағандай жары қырын,
Мұңлы Сыр жатыр ағып, сары бұрым.
Памирдің көк алқасын көктемде үзіп,
Аралға тарту етер жазғы тұрым.
Көрмедім дарияны Сырдай сылқым,
Көгерткен сансыз елдің сары жұртын.
Үкілі құба талы шолжаң қыздай,
Бұзады, өткенді айтып, көңіл шырқын.
Кездім мен көпті көрген Сырдың нуын.
Зәмзәмға іштім балап лай суын.
Қарлығаштың ұясына өрмелеген,
Жыланның қақтым тісін, төктім уын.
Қорқыттың күмбезіне түнедім мен,
Жырыма күйіп оның тіледім мен.
Ұрпаққа күй сарындас жыр қалады,
Күй сырын мың жасаған білемін мен!
Таппастай жүз толғанса күрделі ақын,
Қойды екен қандай сабаз Сыр деп атын.
Табылар саған жақын менен, бәлкім,
Табылмас сенен артық маған жақын!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter