Өлеңдер ✍️
![](/uploads/shorttexts/author_image/rafaehl-niyazbekov.jpg)
ӘБІКЕН ҚАРТ ЕККЕН ОН ТЕРЕК
Көктем болып ессе алдан жырдың лебі,
Неге жұпар атпасын қыр гүлдері.
Әбікеннің өсірген он баласы –
Бір-бір құтты шаңырақ бұл күндері.
Көңіл құсын сайратып, түлеткенде,
Әбікен қарт көгілдір бір көктемде,
Он балаға он терек еккен еді,
Қуат жиып даладан, нұр көктен де.
Қазығына қазмойын ат байланған,
Қарттың туған өңірі баққа айналған.
Өйткені ол арна ашып жетелеген
Ағыстарды тірілтіп ақпай қалған.
Он баланың шайқалмай шаңырағы,
Он теректің жайқалған жапырағы.
Қарттың ерен еңбегі
Аққайнардың
Жұпар атып тұрса егер атырабы.
Ғашық болмай тауына, өзеніне,
Кімдер еңбек сіңірген өз еліне.
Тіршілікте бір шыбық тал өсірмей
Кісі қанша құрт түскен өзегіне.
Арлы атадан мал емес, тал қалғаны –
Ізгіліктің ұрпаққа жалғанғаны.
Бақытқа ерте жетеді
Адамдардың
Еңбегіне сүйеніп жалданғаны.
Көңілінің көгінде күлген арай,
Бұрын елге сезілмей жүрген қалай.
Он саусағы секілді бұл он терек –
Абыз қарттың қол созған күнге қарай.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇