Өлеңдер ✍️
НҰР-АҒА
Арманымның қанаты қайырылып,
Аспанымда көрмеді ай құбылып.
Ел басына келгенде өзге біреу
Қалар ма еді тізгіннен айырылып.
Нұр-аға кеп ел-жұртын басқарғалы,
Қайта қонған қазақтың қашқан бағы.
Көкірегі күмбірлеп күй тартқанда,
Аққуларға үн қосқан аспандағы.
Сұғын қадап бүйірден жат тұрғанда,
Кім намысқа шаппаған бақ қуғанда.
Неге асыл ер тумасын таққа лайық
Азамат ер мінетін ат туғанда.
Тіршіліктің көз салсам жүйесіне,
Асыл ерлер түседі жиі есіме.
Нұр-ағаны албырап ғасыр туған
Алтын тақтың айналған киесіне.
Өткел беріп тұрғасын өткелдері,
Алты алаштың құтты ғой көк пен жері.
Алтын тақта Нұр-аға отырғасын
Ақордадан еседі көктем лебі.
Көңілімде бір аспан күркіреді,
Жасыл жайлау құлпырып, қыр түледі.
Нұр-ағаның арқасы шығар, бәлкім,
Туған елдің көзінде күн күледі.
Рухын биік көтерген тірілердің,
Бақытына ел ортақ ірілердің.
Сөзі мірдің оғына айналған-ды,
Айналған соң Нұр-аға піріне елдің.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter