Өлеңдер ✍️

  20.04.2022
  125


Автор: Рафаэль Ниязбек

ЕКІЖҮЗДІ БЕЙБАҚТАР

Аралары алшақтап көк пен жердің,
Суық тартқан жылдары көктемі елдің,-
Елбасы еді жұртты аман алып шыққан
Бәрі өртеніп жатқанда өткелдердің.
Талай, талай түбіне жеткен ердің,
Қазақ – бірі көп азап шеккен елдің.
Тірілердің қашанда бәрі жаман,
Бәрі жақсы аттанып кеткендердің.
Елбасының бойынан мін іздеген,
Дұшпан көзден күдерін кім үзбеген.
Ақиқатын айтпайды адам ғана
Көкірегінің көзіне күн түспеген.
Көрікті көш тұйыққа тірелгенде,
Ел ішінде көп еді күлген пенде.
Естен талай тандырды ақыл айтып,
Қайыр тілеп көшеде жүргендер де.
Тәуелсіздікке қол жеткен бұл күндері,
Жұпар атпай тұра ма қыр гүлдері.
Бірақ арам сирақтар тілін безеп:
Қалған жоқ па, – дейді, – елдің құр сүлдері.
Бүлік іздеп, тамағын жүрген кенеп,
Соларға енді бола ма бірдеме деп.
Елбасының алдына бара қалса –
Қара терге түседі күнге теңеп.
Арсыз тірлік кімді де бүлдіреді,
Содан менің көзімде мұң жүреді.
 Екіжүзді қоғамда өмір кешіп,
Екіжүзді болды ма кім біледі?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу