Өлеңдер ✍️
ТІЛ ТАҒДЫРЫ ТАЛҚЫҒА ТҮСКЕНДЕ
I
Рухым жасып, жүрегім езілгенде,
Түсі суық жат пиғыл сезілді елде.
Кірмелердің көзінде көктем күлген
Талай қазақ тілінен безінгенде.
Домбырасы күй төгіп күмбірлеген,
Біздің елде, ағайын, кім жүрмеген.
Парламентте ол кезде көп болатын,
Депутаттар жат тілде шүлдірлеген.
Жұрттың бәрі ол кезде тез тоңатын,
Ақылды бас аз еді сөз қонатын.
Желтоқсанның ызғары,
Шынында әлі,
Санамыздан өшпеген кез болатын.
Арнасында бұлқынып нұр ағылған
Туған елге қайғыны мұра қылған, –
Қылышынан қан тамған сұм Кеңестің
Кезең еді шықпаған құрамынан.
Мәскеу дәстүр бойынша қалыптасқан,
Бақылайтын жиынды жалықпастан.
Жұрттың бәрі ол кезде ауыздықтап,
Ұстай білген сезімін алып қашқан.
Ағындасын ол кезде арай қалай,
Алды-артыңа бола ма қарайламай.
Қара жердің көзінен қан атылып,
Сөйлегеннің үні өшкен абайламай.
Түзу болмай жат жұрттың көзқарасы,
Тұрған еді асқынып сөз жарасы.
Бәрі Абай тіліне жабылғанда,
Буырқанған қазақтың боз даласы.
Көкірегін ақ сәуле арайлаған
Кім шыдасын бұндайда Ар ойлаған.
Президент мінбеге көтерілді
Тал бойында арқардың қаны ойнаған:
«Ата қазақ айналып іргелі елге,
Қорған болды қаншама кірмелерге.
Қызыл Кеңес сол үшін арыстарын
Жапқан жоқ па атжалман түрмелерге.
Сол күндерге кім-кім де кектенеді,
Неге тексіз тірі қап, текті өледі.
Бәріңнің де ата-анаң бұл далаға,
Азып-тозып, қалжырап жеткен еді.
Тығырықтан шыға алмай сансыраған,
Босқындарды көргенде қалжыраған.
Аузындағы бір үзім нанын беріп,
Бәрін түгел бұл қазақ асыраған.
Пана болған суықта үйін беріп,
Сол қазақтың бүгінгі күйін көріп.
Ей, ағайын, ұмытып жақсылығын,
Желіккенің бұл қалай құйынға еріп?!
Ата жұрттың төрі еді жайғасқаның,
Неге, ендеше, тарылды айлы аспаның.
Полигонның зардабын тартқан елдің
Жармасқаның тіліне қай сасқаның?!
Достың бәрін пір тұтып, құшақтаған
Жұртты жұрт деп ойлама ұсақтаған.
Қазақ төрін берсе де қонағына,
Мөрін бірақ жат қолға ұстатпаған.
Достың бәрін пір тұтып, құшақтаған
Жұртты жұрт деп ойлама ұсақтаған.
Қазақ атын берсе де қонағына,
Жатқа бірақ тізгінін ұстатпаған».
Қилы шақта өзгертпей түр-түсін де,
Арыстанын қарсы алып, түлкісін де, –
Жүрген кезі болатын Елбасының
Найзағайдай жарқылдап бұлт ішінде,
II
Хақ жолынан ешқайда бұрылмаған
Елбасыға қай сойқан ұрынбаған.
Кремльге жалғанған сұр телефон
Шоқ басқандай безілдеп шырылдаған:
«Әбішұлы, қайтесің тайталасып,
Құзырлыны кім жеңген майдан ашып.
Қазақ тілі мемлекет тілі болса,
Неге еліңе бармасын қайғы адасып.
Бақ-дәулетін көп көрме бұл өмірдің,
Сауық құрып, сайран сап күле білдің.
Орыс тілі мемлекет тілі болсын,
Талабы бұл құзырлы Кремльдің».
Тіршіліктің мән бермей ағысына,
Сұстанғаны бұл қалай арысыма.
Елбасы да сол кезде буырқанды,
Туған елдің айналып намысына:
«Бейбіт өмір сүруге тырыспаған,
Жұрттың бәрі өзара ұғыспаған.
Бізге бұлай қарама көз алартып,
Кең даланың төсінде тыныстаған.
Қарайды деп ойлама қайғы аларып,
Сансырайтын біз емес сайда қалып.
Қай мұратқа жетесің
Желтоқсанның
Кекті ызасы бұрқанса қайталанып.
Не түседі, ендеше, егескенде,
Болашақтың ақ самал желі ескенде.
Тіліміздің тағдыры шешілген-ді,
Бүкіл ел боп келелі кеңескенде.
Кремльге...
Сенеміз сізге қалай,
Талай құйын суырған бізге қарай.
Қазақ тілі мемлекет тілі болып,
Алты алаштың көгінде жүзген арай».
Өткен-кеткен тарихты барлағанда,
Қанды қырғын көп болған сардаламда.
Ақиқатты тайсалмай айтамын деп,
Арманда өлген ер қанша қарлы алаңда.
Қазақ тілі мәртебе алмас еді,
Елбасы егер сол жолы жарқыл қағып,
Көзсіз батыр ерлікке бармағанда.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter