Өлеңдер ✍️

  20.04.2022
  127


Автор: Рафаэль Ниязбек

БҰТАҒЫ ЖАЙҚАЛАДЫ КҮНГЕ ҚАРАЙ


Бәйтеректің бұтағы қайда иіліп барады?
“Жас Алаш”, №58-59. 2005 жыл.



Жүзсе егер айдынында жиі кеме,
Жоқ болсын көңілімнің күйі неге.
Тәуелсіз елдің алып Бәйтерегі
Жел тұрса көрінгенге иіле ме?
Беу, дәурен, сана бар ма бұл адамда,
Кімге опа көрсетеді тулағанда.
Астында қалатынын неге ұқпайды
Елінің Бәйтерегі құлағанда.
Сұм зауал елге қарай бұрылғанда,
Бас бағып қалам дей ме бұғынғанда.
Жұлыным үзілмейді деп ойлай ма,
Бұтағы Бәйтеректің жұлынғанда.
Білсе егер таулары елдің заңғар алып,
Төсінде кім жүрмейді арқаланып.
Отбасым отқа күймей тұрар дей ме,
Бәйтерек отын болса жаңқаланып.
Ызалы бура-уақыт шабынғанда,
Қала ма шыбын жаның жалынғанда.
Сүйегім шағылмайды деп ойлай ма,
Тамыры Бәйтеректің шабылғанда.
Ызғарлы өсіп-өнген жел өтінде,
Нар қазақ уақыттың келбетінде.
 Тәуелсіз елдің алып Бәйтерегін
Күш бар ма иетұғын жер бетінде.
Саялап көлеңкесін жүрген талай,
Көзінде Бәйтеректің күлген арай.
Жел тұрмақ қара дауыл соқсын, мейлі,
Бұтағы жайқалады күнге қарай.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу