Өлеңдер ✍️
КӘРІ АРЫСТАН
Ақиқаттың ауылы жырақ қалған.
Қилы кезде жұрт бар ма сыр ақтарған.
Мәртебелім, тек қана біздің елде
Бейбітшілік,
Ынтымақ тұрақталған.
Ерте кезден өзара ұғысқалы,
Сөз айтпасын бұл күнде кім нұсқалы.
Алты Алаштың жерінде өсіп-өнген,
Жұрттың бәрі қазақтың туысқаны.
Бірақ қалай Ресейді мүсіндеймін,
Әлсіздерге көрсеткен күшін кей күн.
Жетпіс үш жыл дос болған тау жұртына,
Қанды соғыс ашқанын түсінбеймін.
Түскен емес қолынан жарағы әлі,
Аз ұлысты азғынға санағалы.
Мына Ұлы Далаға жалған емес,
Көз алартып бір кезде қарағаны.
Қол көтерген өзінен кішілерге,
Қара сойыл үлкенді кісі дер ме.
Қан шеңгелдеп туғандар анасынан,
Тұратынын қан аңсап түсінер ме.
Тастағасын Қап тауын мың қырсаулап,
Қан ағып тұр әлі де жұрттан саулап.
Кәрі арыстан секілді Ресей кейде
Ертелі-кеш күн көрген тышқан аулап.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter