Өлеңдер ✍️
КӨШІП БАРСАМ
Ақмолаға Астана көшіп барғалы,
Сарыарқаның жаңғырған өсіп арманы.
Қыз ұзатқан анадай сезіліп еді,
Алматының көңілі өксіп қалғаны.
Көкірегінен күркіреп дария ақтарған,
Алматыда ұйыған ар, ұят қалған.
Астананың ақ иық азаматтары,
Найзағайдан жай тартып зарядталған.
Суытылып таңасқан арғымақтары,
Алты Алаштың бұл күнде жарық бақтары.
Атқа мінсе атасын танымайды екен,
Астананың көр кеуде ақымақтары.
Жарамады бірі де жамау болуға,
Жыртылғанда жанымның жапырақтары.
Озбай бірақ тұра ма дала түбінде,
Өксікті өмір жатса да қаралы үнінде.
Барлық қала жат тілде шүлдіремес еді,
Астана егер сөйлесе Ана тілінде.
Жанарыңның ішіне мұң түнегенде,
Серпілесің намысың сілкілегенде.
Көктем жақын қалғандай секілденеді,
Астананың аспаны күркірегенде.
Ат табылса лайықты Астана атына,
Жазылар ед ақ нұрмен аспан астына.
Ата қазақ әлі де көшіп барады,
Боранынан арқаның жасқанады ма.
Содан, сірә, кеудемді күй кернеді ме,
Ұмытылған таяқ та тиген етіме.
Өжет ақын керек деп,
Астана маған
Көшіп барсам егерде үй береді ме?!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter