Өлеңдер ✍️
САЯСИ ОЙЫН
Арға ғана жүгінген
Ата жұрттың тізесі қашан,
қайда бүгілген.
Қазақ сайғақ секілді
Оқ өтінде жүгірген.
Құбылыстың бәріне ойлы көзбен үңілген,
Ата қазақ ер еді, жаннан безіп түңілген.
Бетін берген біреуге,
Сыртын берген біреуге
Мына қаншық өмірдің
Желге етегі түрілген.
Кит өсірген күркіреп,
қуатты елге айналған,
Пірге айналған арлысы
парламентке сайланған.
Ит өсірген қай жұрттың да иттері
Иманына байланған.
Тоқ болғанмен тамағым,
Ашылмады қабағым.
Дән салатын кезімде
Құйындарға қиылды алтын сабағым.
Жаным менің рухани
жадап, жүдеп ашыққан,
Болашаққа жанығып
бұлақ қайда асыққан.
Басқа шауып тұр әлі,
Тамырымда тасып қан.
Бұрын бұл жұрт ұн сатқан,
Қазір тіпті құнығып,
қызбен бірге ұл сатқан.
Шаранасын сатады әлі ұялмай,
Суырып ап құрсақтан.
Тап келерін сезбей ме түсі бөтен қатерге,
Болашағы қазақтың сатылуда жат елге.
Қара көздің қолы неге жетпейді,
Көк көздердің иті кірген пәтерге.
Жұрт болғасын Алатаудай тұлғалы,
Ұнамай ма кәпірге жүргені мен тұрғаны.
Арам пиғыл Қараулық
Тәуелсіздіктің жолына
Қабылан қақпан құрғалы:
Дала – саяси ойының алаңы,
Қазақ – саясаттың құрбаны.
Күн кешкен жыртқыш пішінде,
Қараулық әлі күшінде.
Сол – саяси ойынның
Қазақ та жүр ішінде.
Мұратқа солай жетпек пе,
Айналып жауыз жендетке.
Сонда олар саяси ойынмен
Қазағын құрбан етпек пе?!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter