Өлеңдер ✍️
КӨҢІЛІҢНІҢ КӨЗІНЕН КӨКТЕМ КҮЛГЕНДЕ
Алтын сәуле көзіңнен шашырағанда,
Торғын жұртың толқыған жасыл алаңда.
Тағдырымның тамыры суалар еді,
Өмірімнің өзені тасымағанда.
Әлденеге ызалы ашынғаныңда,
Ар – намысың тулайтын асыл қаныңда.
Бұлтты аспаным ашылып жүре беретін,
Күн көзіндей жарқ етіп ашылғаныңда.
Шуағыңды жүрсең де елге таратып,
Кеткен қанша Сізді, Аға, жерге қаратып.
Жүлдеңді озып алсам деп
суытып жүрмін,
Жүрегімнің жүйрігін мен де жаратып.
Өзің барда батырмын, батыр аспаным,
Жұпар атып жайқалған адыраспаным.
Ақылды ерлер басқарса ақылды ел де,
Қысылғанда абыздар ақылдасқаным.
Көкірегіңнен ақ жалын от өрілгенде,
Есігіңнен түсі жат бөтен кірген бе.
Туған елдің ту тіккен бәйтеректері,
Бір бәйтерек кеудеңнен көтерілгенде.
Жер үстінде жау біткен өктем жүргенде,
Қилы заман баз кешіп өткен кімнен де.
Ұлы дала төсіне көктем орнаған,
Көңіліңнің көзінен көктем күлгенде.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter