Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
20.04.2022
182
ЕСІЛ ӨЗЕНІ
Астананың жанынан Есіл ағып,
Есіледі жағаның есін алып.
Арнасына, кім кепіл, құйған шығар
Жылағанда көз жасын жесір налып.
Толқындарын ызалы жарға атқанда,
Мен де ызалы жыр жазам
қарлы ақпанда.
Жауар бұлттай қабарып түнеретін
Дүниенің ішіне қан қатқанда.
Жұрттың бәрін жұбатып мұңға батқан,
Есіл ақын секілді жырлап аққан.
Кейде алып жыландай елестейді
Шұбатылып, созылып қырда жатқан.
Арқалаған ағысы дала арманын,
Ерке өзені бұл Есіл сарыарқаның.
Нұр-ағаның нұрынан деп білемін
Жасыл желек жамылып жаңарғанын.
Тереңімді ағысы тулатқанда,
Құлын жырым кісінеп туды ақ таңда.
Сәулесіне сүйеніп түрегелем
Толқынданып бұл Есіл нұрлы аққанда.
Астананы қақ жарып тұғыры алып,
Есіл өзен жосылған мың бұралып.
Толқып жатқан секілді сезіледі
Арнасында су емес, шұғыла ағып.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter