Өлеңдер ✍️
МЫҢ ПЕРІШТЕ
Дүние-әлем тұрғанда өрт көрініп,
Көк аттыға кетпедің бөктеріліп.
Күндер қанша жүзіңнен күлкі қашқан
Елің үшін түнгі ұйқың төрт бөлініп.
Тізең жаттың алдында бүгілмеді,
Көңіліңнен бір көктем күлімдеді.
Сөзің мірдің оғына айналғалы
Бүлік іздеп, ел іші бүлінбеді.
Жылап ақпай тағдырдың жылғасында,
Сіздей ерлер туады бір ғасырда.
Қай кеме де өзіңе қарсы жүзген
Жарға барып соғылған бұрқасында.
Ақтарылып сөйлесем мен егерде,
Қасиет көп ел қамын жеген ерде.
Сізге беттеп ұша алмай кері қайтқан
Сізді көздеп атылған жебелер де.
Жанарыңның ішінде жүзген арай,
Ұрынады ызғарлы күзге қалай.
Ойда жоқта шарт сынып, қақ бөлінген
Бағытталған мылтық та Сізге қарай.
Бұлқынғанда бір қайрат жүрген іште,
Бағы жанған бағлансың күрделі істе.
Қараулықтың қылышы қалай өтсін,
Сізді қорғап жүргенде мың періште.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter