Өлеңдер ✍️

  20.04.2022
  114


Автор: Рафаэль Ниязбек

СІЗ КЕЛЕСІЗ ӨМІРДІҢ КӨРКІН АШЫП


Тіршіліктің әлі де маздауы шын,
Елге естіліп жатқанда қаз дауысың.
Көңіліңнің көктемі қырға ескенде
Гүлдер неге жармасын жас қауызын.
Көкірегің күмбірлеп күйге толған
Сыбызғы жел тартқанда шаңқауызын.
 Көңіліңнің көктемі қырға асығып,
Келеді әлі жолыңа нұр шашылып.
Күн көзінен азанда шашыраған
Алтын сәуле ойнайды шыңға асылып.
Сардар қазақ кезінде атпен кірген
Жұмақтардың есігі тұр ма ашылып.
Болашақпен жүрегің сырласқанда,
Ай толықсып туатын нұрлы аспанда.
Астананың көркіне көз суарам
Көңілімнен суынып жыр қашқанда.
Мәртебелі патшамсың тұғыры алып,
Шыңыраудан сыр тартам шымырланып.
Сарыарқаның даласы Астанамен
Күннен-күнге барады сұлуланып.
Асқар-асқар таулардан көңілі асып,
Жүрген қанша жанының өртін басып.
Көркін ашса Астана сарыарқаның,
Сіз келесіз өмірдің көркін ашып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу