Өлеңдер ✍️

  20.04.2022
  211


Автор: Рафаэль Ниязбек

АСТАНАДАҒЫ КЕНЕСАРЫ КӨШЕСІ


Жер бетіне шуақты нұрын төккен,
Тәңірінің сөнбесін күні көктен.
Ерлік, сірә, жасамай тұра ала ма,
Хан Кененің жолымен жүріп өткен.
Кенесары!
Өр рух бар осы есімде...
Қыран ұшып самғаған төбесінде, –
Жұртты ерлікке бастағың кеп кетеді,
Хан Кененің көк даңғыл көшесінде.
Тірісінде қанатын өрге керіп,
Жүруші еді маңдайын желге беріп.
Тәуелсіздік жол жүріп жеткенде елге
Асқақ рухы жайғасқан төрге келіп.
Өмірінің өзені тасып өткен
Хан Кенені тағдыры жасын еткен.
Бура мінез ер еді шабынғанда
Бостандықтың жолында басы кеткен.
Кенесары секілді ер жоқ болғасын,
Басынбасын неге елді оқ-қорғасын.
Көтеріліс жасағың кеп кетеді
Көкірегіңе ызалы өрт толғасын.
 Жүрегіме жігерлі жүгінгенде,
Кім аударсын үстімнен жүгімді елде.
Хан Кенеге айналып кетсем деймін,
Хан Кененің жоқтығы білінгенде.
Қайдағылар елімді басынғанда,
Ар-намысым тулайды асыл қанда.
Көшесімен Кененің жүріп қайтам
Ұсақ, күйкі тірліктен жасығанда.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу