Өлеңдер ✍️

  20.04.2022
  212


Автор: Рафаэль Ниязбек

ҚАЗАҚТЫҢ ТҰҢҒЫШ ҒАРЫШКЕРІ


Тоқтар Әубәкіровтің монологы
Күннен-күнге адамдар майдаланып,
Сан соға ма сансырап сайда қалып.
Бір қазақты ғарышқа ұшырмаған
Байқоңырын жүрсе де пайдаланып.
Керек емес қазақтың іргелі елі,
Байтақ жері орысқа шын керегі.
Қайта олардың тұрады қыбы қанып,
Қара орманның сынса егер бір терегі.
Ғұмыр кешіп жүргесін ізетті елде,
Табанымнан тағдырдың сызы өткен бе.
Мен кезіктім –
Ғарышқа ұшатұғын
Президент бір жігіт іздеткенде.
Туласа да намысым өр кеудемде,
Жүргем бірақ шыға алмай төрге мен де.
Қазақстан атынан мені ұшырған
Қысастыққа Елбасы көнбегенде.
Жүрегінде жақсылық желі тартып,
Алаулатқан жүзімді демі шарпып.
Неге самғап ұшпайын ғарыш көкке
Президент тұрса егер сенім артып.
 Көкірегін тулатқан құба белдің,
Кісінетіп құлынын Құлагердің, –
Күнге қарай жол салып самғап ұшқам
Аманатын арқалап туған елдің.
Нұр шаңытып киелі жер бетіне,
Көтерілгем биікке тербетіле.
Самғап ұшып ғарышқа жеткен бойда
Бір қарағам дүние келбетіне.
Соңымда ылғи қол бұлғап қалған белес,
Шақырғанда алысқа арман, елес.
Тартылысын бұл жердің жеңе білген
Тұңғыш қазақ екенім жалған емес.
Қара тобыр мен жайлы не біледі,
Ар-намысым тереңнен тебінеді.
Мені ұшырған ғарышқа білсең, Елім,
Елбасының егеулі ерлігі еді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу