Өлеңдер ✍️

  19.04.2022
  417


Автор: Рафаэль Ниязбек

МЕЗГІЛ – БЕЙНЕ ҚҰЛА КӨШ

Жоғалды ма алдымнан нұр ажырап,
Көңілімнің тұрғаны құлазып-ақ.
Дала суық,
үй суық,
жаным суық...
Дүниенің барлығы тұр азынап.
Кім көрінген шуақтап, пайдаланған
Жүрегімнің жылуы қайда қалған?
Суық үрей –
суықтың өзі боп та
Төрт бөлмелі үйімді жайлап алған.
 Жүрмін деймін Алматы – астанада,
Алматы да қаланған тас қала ма?
Талға қонған торғайдай бүрсеңдейді,
Тоңып бәрі...
кәрі де, жас бала да.
Әкім мырза жанына тыным бермей,
От жақтырса қайтеді шығын көрмей.
Қалай ғана жылынсын қала үйлері
Орталықтан тұрса егер жылу келмей.
Ақша жетпей,
мал жетпей бұрындары,
Дірдектесе шаншылып мұрындары.
Жылу жетпей бұл күні дірдектеуде,
Ақпан, боран суырып қырында әлі.
Үйлеріне кешкісін суыт тарап,
Ішер және түгі жоқ жуып, жалап.
Сонан ба, әлде кім білсін,
Адамдардың
Бір-біріне жүргені суық қарап...
Мезгіл – бейне түн қатқан құла көштей,
Келе жатқан қалтылдап шырағы өшпей.
Қалай ғана жылынсын бүкіл халық
Үкіметтің Үйінен шуақ еспей.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу