Өлеңдер ✍️

  19.04.2022
  266


Автор: Рафаэль Ниязбек

Ар алдында

Қатын сотпын.
Қатын десең – қатынмын,
Мәскеуге – дос,
алты Алаштың жатымын.
Жерді ойрандап,
елге қырғын әкелген
Алып Мәскеу қолындағы атоммын.
Ерлер қанша алдыма кеп сабылған,
Бастар қанша көз алдымда шабылған.
Қара тас боп жібімедім біріне,
Жарамсақ боп Мәскеуіңе жағынған.
Не көрсем де
көрем енді бағымнан,
Көз жазбадым Мәскеу деген сағымнан.
Не істеймін!
Бар болғаны – інгенмін,
Алып Мәскеу бура емес пе шабынған.
Барша халық құзырына табынған,
Алып Мәскеу бура емес пе шабынған.
Құдыреті жетіп тұрса Қонаев,
Неге,
неге ұшып кетті тағынан?!
Жазғырмағын туған елім, ендеше,
Асқаровты сотқа тарттым мен кеше.
Кете барды он бес жылды арқалап,
Ұзын қара табыты боп кең көше.
Азаматың бола алмадым жалынды,
Бірге таптап жанталастым арыңды.
 Асылыңды құрбан етіп, туған ел,
Қорғап қалдым қара шыбын жанымды.
Өйткені мен қатын сотпын!
Соттауға ерді ынтықпын,
Абақтыға жапқан өзін Шындықтың.
Ажал сепкен –
кезенсе де қай жаққа
Алып Мәскеу қолындағы мылтықпын.
Қыран аға, ендеше, құлан аға!
Мендей бейбақ қызыңды кінәлама.
Ұрғашының жалғанда күні құрсын,
Айғыр көрсе байталдар тұра ала ма?!
Кремльдің жаутаңдап қақпасына,
Жатпасыма болды ма жат қасына.
Сатып жатқан заманда елін еркек,
Болмады, аға, өзіңді сатпасыма!
Уысында не сұмдық жентектелген,
Аластамай оңбаймыз тентекті елден.
Қатын неге сатпасын!
Сұм сатқындық –
Шығып жатса алдымен еркектерден.
Шырқалмаса Алаштың ұранды әні,
Қалай ғана қатайсын бұраң талы.
Бағыт, бағдар көрсетіп бұрап қойған
Айналғанбыз Робортқа бұрандалы.
Қыран аға, ендеше, құлан аға!
Мендей сорлы бейбақты кінәлама.
Толғатса да Жамбылдың бар қатыны
Сендей ерді қайтадан туа ала ма?!
Не істеймін!
 Қолымнан не келеді,
Қарғыс айтып жер-көктен қуалама.
Азамат боп елі үшін туған, аға!
Соңғы демің түрмеде бітер болса,
Өксік атқан жас жаным жұбана ма?!
Өрге баспай өр кеуде талабымның,
Тірі жүрсем –
жоқтығы амалымның.
Арда жүрек өзіңді сотқа тартқан
Қателігі, жан аға, заманыңның!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу