Өлеңдер ✍️
Орыс азаматына
Ұры тазы секілді қатпа құмай,
Жалаңды жаппа бұлай.
Батырсаң да шығамын су түбіне
Жақ болса егер жалғанда аққа Құдай.
Жаралғанмын,
жаралғам өр ағыстан,
Туған дала төскейін орап ұшқан.
Тірі тышқан секілді ойнайсың-ау,
Зұлмат күшпен кезінде мың алысқан,
Сыры – барыс орыстың, жыры – арыстан.
Сенгім, сірә, келмейді,
амал қанша,
Сені туды дегенге ұлы орыстан.
Жүрегіңе жиналмай жыр қатталып,
Сөз сөйлейсің құйындай бұрқап қалып.
Кіл жастарды қалайша бастап шығам,
Ауруханада жатсам сырқаттанып.
Келе жатқан қалтылдап өніп-өсіп,
Ұлтын кімдер сүймейді көлін кешіп.
Пушкин неге ұлтшыл боп атанбайды,
Орыс халқын жырлаған өліп-өшіп?!
Арна болып тартылған өлкесіне,
Көмек берсем, несі айып, жерлесіме.
Көсегесін елімнің көгертпесем,
Азамат боп жаралдым мен несіне.
Қарттығыма қарамай, хал-жайыма,
Қақпаныңды құрмақсың қай жағыма.
Мені сен де тұтқындап ұстамас ең
Елдің жерік болмасаң қаймағына.
Нұрын төксе жүрекке – жарама айым,
Мені қорғар нар халқым, бар ағайын.
Отап тұру сендерге тән емес пе,
Елдің биік Еменін,
Қарағайын.
* * *
Жетесің де далама жылап ағып,
Соңымызға түсесің шырақ алып.
Орыс, қазақ арасын аштым қашан
Солженицин секілді сына қағып?!
Ар-намысым арыдан тебінгенде,
Жұлдыз болып жанып ем көгіңнен де.
Мен емес пе ем қағылған шеге болып,
Көн ұлтаны Ресейдің сөгілгенде.
Менен өткен жақсы адам жоқ еді, әттең
Тұқым болып жеріңе себілгенде.
Сұм соғыста –
қорғаған мен емес пе ем
Қалың орыс солдаты шегінгенде.
Қазақ –жын боп көзіңе көрінген бе?
Ығыстырып даламнан – төрімнен де, –
Білгеніңді келесің істеп әлі,
Жұлып алып сабадың көрімнен де.
Күдер үзіп, түңілдім сенен мен де,
Жерің, сірә, кеңи ме мен өлгенде.
Алқымымнан алдың-ау арды ұмытып,
Шырмауық ең жетілген көлеңкемде.
Қолы шығып зұлматта жүріп берген,
Жаралдың ба нәр алып бүлікті елден.
Екі басты самұрық сен екенсің
Жүрегімді шеңгелдеп бүріп келген.
* * *
Ел болса да жаралған азабыңа,
Бостандық бер өзіме, қазағыма.
Көншімей ме көңілің
қазақ басы
Түсіп қайнап тұрмаса қазаныңа.
Азабыңа көнсе де ата жұртым,
Қорлығыңа көнбейді,
мазағыңа.
Бостандық бер өзіме,
Қазағыма!
Тозақ отын жақсаң да көніп келген,
Ата жұртым мың мәрте өліп көрген.
Қоғам сенің екенің жалған емес,
Ірге тасы қаланған өліктермен.
Оқтын-оқтын Алашты қырып тұр деп,
Кім сендерге, ойпырмай, желік берген?!
Сыйлап өскен жан болсаң сен де анаңды,
Құрмет тұтқан тұқыммын мен де анамды.
Мені таптап өтсең де
кете алмайсың
Қанжығаңа бөктеріп кең даламды.
Қаруыңды асынған қайрат көріп,
Қорқытпадың қорқаудай қай жаққа еріп.
Тұндырмақ боп өтірік көлгірсисің
Тұнығымды ылғи да шайқап келіп.
Айдыныңнан сескенбен бұдан былай
Алатауым тұрғанда айбат беріп.
* * *
Мені және елімді шырғалаңға
Салып қойған –
не айтам бұл ғаламға.
Түрмең сенің қаңырап тұрар ма еді,
Анам мені асыл ғып тумағанда.
Бұл түрмеде өлмеймін,
ал, қайтесің,
Он бес жылға соттарсың шындағанда.
Жын басқараған ел қайтіп оңады, айтшы?
Қоғам да бір,
бір және жынды адам да.
Сәтті күні түрмеңді бұзып шығам,
Асау қаным бойымда тулағанда.
Қасіретті қоғамда жынға батқан,
Алып тұрсың,
білемін,
қылтамақтан.
Намысым боп қайтсең де өлтірмейді,
Тамырымда асау қан тулап аққан.
Қанша атсаң да өлмейтін Азаматпын
Шыбын жаны шырқырап шыңда жатқан.
Абақты боп алдымнан ашылғаның –
Жынданғаның,
есіріп тасынғаның.
Аттағаның басымнан
нар халқымды
Терезесін тең тұтпай басынғаның.
Көзімдегі сескенбей жасыннан да,
Талай мәрте аттарсың басымнан да.
Мені есіңе аларсың
өзге біреу
Темір жүрек өзіңді басынғанда.
Елде өскенсің, ей, пендем,
қасіреті
көп менің қара шашымнан да.
Көкжиегін қасірет жиектеген
Елде өскенсің жын-шайтан иектеген.
Зардап шегіп өз халқың жүрген жоқ па,
Арам ойдан –
басында түйнектеген.
Түрмеңде де басылмас күнде арыным,
Далам – менің талантым, шың – дарыным.
Халқың қалай көктесін
арқасында
Сен секілді кембағал ұлдарының.
Ақ бас бура секілді боз қалпымда,
Сенсіз мен де тұрдым ба, қозғалдым ба?
Сайқал қатын – саясат құрсауынан
Құтылған жоқ, ендеше, өз халқың да.
Қасірет тұнып жатқан іргесінде,
Жырасын да көргенмін, жүлгесін де.
Темір милы, ей, пендем, біле білсең
Өз халқың да Ресейдің түрмесінде.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter