Өлеңдер ✍️
Оңашада ой қамалап...
І
Айналамнан сезілмей көктем лебі,
Елден хабар, хат та жоқ көптен бері.
Аластаған шынымен жан шығармын
Орман-далам,
Тау-құзым,
Көк пен жері.
Көзіңнен нұр,
жүзіңнен әр тайғанда,
Кезігеді екен-ау жар қайдан да.
Өмір – өгей бала ма?
Өз әкесін
Тыға салар түрмеге қартайғанда.
Халқым, айтшы, кегі бар қандай жанның?
Күндіз от боп,
түндерде шамдай жандым.
Күре тамыр мен едім тулап аққан
Түгел жалғап жүгірген шалғайлардың.
Өкпем, сірә, жоқ еді өткен күнге,
Жетпей қалып сорлады көктем кімге?
Өшіккені бұл қалай заманымның
Су түбіне шынымен кеткенім бе?
Суық ойлар миымды қарығанда,
Сылынған да болармын,
арыған да.
Адам неге көнбесін?
Көнеді әлі
Кеудесінде сірі етік – жаны барда.
Ішке бүгіп сұмдығын жиып кепкен,
Қойса нетті пәлесін үйіп-төккен.
Қонаевпен доссың деп жазғырады,
Заманынан оқ бойы биік кеткен.
Құдайын да ұмытып жұрт тасқанда,
Пағамбарлық құрғандай күрт аспанға
Кінәлі ғып,
қайтерсің,
шығарғанын
Күннің бетін,
ай жүзін бұлт басқанға.
ІІ
Қонаевты жазғырсаң – көнергенің,
Қара қазан – басыңа төнер көгің.
Жақсылықты білмеген ел болдың ба,
Көрем содан көсегең көгергенін.
Күні қарап күзетші – жарақтыға,
Сырттай ғана телміріп сан аттыға.
Тұтқындалып үйінде отыр, әне,
Өз от басы айналып абақтыға.
Арқандалған аттайын от басына,
Атандайын бас сұққан ноқтасына.
Үй ішінде жүргені ертелі-кеш
Бара алмайды ақ жарқын көп қасына.
Көзге елестеп өткен күн сүргіндері,
Атылуда алау боп дүркін демі.
Елдің бәрі ақымақ емес шығар
Жарқылдайды қайтадан бір күндері.
Тау тұлға ол таулардан жаратылған,
Зұлымдықтың бетіне сан атылған.
Жер ауғанда Сахаров қудаланып,
Жалғыз Димаш болатын ара тұрған.
Заман кейде құтырып қағынғанда,
Сарылған да кезі көп, сабылған да.
Қорғап қалған Димаш-тын
Орыс қоғам
Озық ойлы Олжасқа жабылғанда.
Қандай сала істе де саңлақтанып,
Бас-қасында жүретін арнап барып.
Күре тамыр – каналы Алматының
Димаш болып тулаған арна ақтарып.
Ірге тасын көтеріп жас қаланың,
Тірілткен-ді сан құйып тасқа қанын.
Алатау боп көз салған сол емес пе,
Көкжиегін кеңейтіп астананың.
Алатау боп айдынын сан асырған,
Ол барда, әне, ел едік бағы ашылған.
Құландайын құдыққа құлап еді,
Арсыз қолдар кетпеді жағасынан.
Ойлы Олжастан өзге жан табылмады,
Ара түскен қалың ел арасынан.
Таба қылмай арда ұлын қорғар еді,
Жаңылмаса адасып санасынан.
Көкірегіне ар, иман ұялатқан,
Құрбаның ба бұл Димаш қияға атқан.
Елім, сені жазғырман!
Көктей солып,
Өніп-өспей келесің қиянаттан.
Қажет егер көрмесе тұл – дарының,
Судай сіңіп жоғалар құмға арының.
Бағынышты бодансың бұл қоғамға
Етін жеген данышпан ұлдарының.
ІІІ
Жеткен бойда сіңіскен бірден елге,
Өкпе неге болмасын кірмелерге?
Жамандықты туған ба аңсап бәрі
Жаны құштар қым-қуыт дүрбелеңге.
Айыздары қанардай сезінеді
Қазақ түгел жол тартса түрмелерге.
Кең даланы бос жатқан иен көріп,
Басыбайлы кетпек пе иемденіп?
Сырқатынан тегінде айықпайды,
Тұрмаса егер бұл қоғам жиі емделіп.
Қонаевты көк сүлік – құртқа балап,
Жатқан кезде тақымдап, жұрт табалап.
Тауға қарап ұлыған көк бөрідей
Иттер қанша жұлқынған сыртта абалап?!
Орыс қоғам үшін де терін төгіп,
Көп қызмет атқарған жерін беріп.
Досқа досша қараған асыл еді,
Сәл нәрсеге қызынбай тебінденіп.
Қаншама жұрт тұсында ағылмады
Кең даланы мол олжа тегін көріп.
Досы жоқты – жалғыздық қатер көріп,
Бәріне де жүгірген пәтер беріп.
Қайран Димаш шынымен білмеген бе?
Бірге жүріп келгенін жат елге еріп.
Қалың малдай қаптаған далаға өріп,
Орыс жұртын – аға жұрт, пана көріп.
Қаласын да ойланбай сала беріп,
Ғұмыр бойы келгенде
Таппады опа
Отыр енді үйінде нала көріп.
Неден тайсын Ресейдің кесірлі елі,
Басқа шығып,
бұл қалай есіргені?
Өз үйінде қамалып отыр жалғыз
Айналайын қазақтың есіл ері.
Ойда жоқта тағынан тайдырғаны –
Күннің бетін бұлт басып,
айды ұрғаны.
Жақсылығын кезінде көп көрсе де,
Сірә, орыстың болмады қайғырғаны.
Қонаевты –
қазақты кім дегені?
Жақсылықты, сірә, бұл білмегені.
Селт етпеймін дегені ызбарланып,
Қамалса да Алаштың түрмеге елі.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter