Өлеңдер ✍️

  19.04.2022
  130


Автор: Рафаэль Ниязбек

Дұшпан таба

Дүниені жан болса былықтырған,
Жөнге салып,
жуанды шыбық қылған.
 Көкте – құдай,
ал, жерде сен емес пе ең
Пайғампарлық пәрмені жүріп тұрған.
Жалп еткізіп жалғанды құлаққа ұрған,
Пырақ қылған біреуді,
шырақ қылған.
Көкте – құдай,
ал, жерде сен емес пе ең
Пайғамбар боп жер үстін сұрап тұрған.
Ағысы өліп,
жете алмай тұрағына,
Көңіл айтам тарылған бұлағыңа.
Құландайын құдыққа құлап едің
Бақа шығып ойнады құлағыңа.
Қақыратып зұлматтың түнін тілген,
Жан болсаң да баршаның тілін білген.
Батқан күндей сөнуге айналды ма,
Жанарыңнан жарқырап күнің күлген.
Өлең-жыр боп жүрекпен толғағаның,
Жақсылар мен жайсаңдар қолдағаның.
– Халқым! – деуші ең қабырғаң қайысқанда,
Көрем сені халқыңның қорғағанын.
Орыстардың қолынан өлесің сен –
Ғұмыр бойы шырқаған орман әнін.
Қарға, құзғын төбеңнен төнген қаптап,
Кезіп әлі кетерсің өлкеңді ақтап.
Сальеридей Моцартқа у ішкізген
Тағдыр саған өз уын келген сақтап.
Абақтыға түскенің – жұтылғаның,
Көкте жүзген Ай болсаң – тұтылғаның.
 Күн болсаң да қабарып – тұтылғаның.
Түскен жанның Мәскеудің түрмесіне
Көрген жоқпын ақталып құтылғанын.
Қос қанатын аққудай сабалаған,
Сені көріп көр-қуыс сағалаған
Қанды айызым.
Дұшпанмын асылдарды
Іс түскенде басына табалаған.
Заманыңның аңғардың қағынғанын,
Қазық боп та қағылған – қағылғаның.
Хатшы болып жүргенде қолға түспей
Қандай бақыт түрмеден табылғаның.
Алатаудай өзіңді арқа тұтқан
Жұрт та қояр сені іздеп сабылғанын.
Көрсем енді мен де арман болмас еді,
Сағың сынып,
сүйегің шағылғанын.
Пірің қайда тағдырды қақпайлаған?
Қайда қалды қазығың ат байлаған?
Қара шаңырақ үйіңнің таңы болсаң,
Кезің сенің емес пе атпай қалған.
Ха... ха... а... а!
Кезің сенің емес пе атпай қалған!..
Дұшпан таба!
Сен бұлай тұштаңда ма?
Тусаң да ерен қызғаныш – қыздан жаңа.
Табаныңды шоқ болып қарымасын,
Таба нандай от пеште қызған дала.
Дұшпан таба!
Сен бұлай тұштаңда ма?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу