Өлеңдер ✍️
Тергеушіге
Сөз тыңда жалғыз тілегім,
Қуармасын түр-өңің.
Намысымды қорғап тапталған
Атқа мінген өжет жүрегім.
Қоздырмай ата кегіңді,
Бұлт торлаған көгіңді
тазартқаның жөн еді,
суырмай құйын – желіңді.
Жалаңбұт кезген орманын
Білемін арғы тегіңді.
Қазақ десе
аза бойың қаза боп
кегің неге тебінді?
Тегімді менің сұрасаң:
Жолбарыс жүрек, бура сан,
Арыстан айбат Гүнмін – Мен!
Өзімді менің сұрасаң
көкжиектен алаулап
көтерілген Күнмін – Мен!
Жаппас ең мені түрмеге
Анадан Ер боп тумасам.
Бұршақтайын сатырлайды бетіңе
Етімді кесіп турасаң.
Қақырайды қабырғасы түрменің
Бұйра жалды толқын болып туласам.
Жатқасын ба елден шалғай,
жырақта,
Ізгілікті күтудемін бірақ та.
Азамат болсаң саналы,
Тыңда менің жүрегімді жаралы.
Айналасынан қол үзген
Мен де елімнің тұзға айналған Аралы.
Темір милы Бастар барда Мәкеуде
Сен секілді
Темір жүрек тергеушілер бар әлі.
Шешеңді сенің білемін:
Бораса да елдің өсегі,
қыз күнін аңсап кешегі,
көрінгеннің болған төсегі.
Әкеңді сенің білемін:
Тұрақ таппаған даладан,
тұрақ таппаған қаладан,
маскүнем бейбақ болатын,
мас болып құлаған шанадан.
Жақсылық күтпен, ендеше,
Сен секілді
Арақтан туған баладан.
Алдыңнан шықса кең дала –
мені туған өңді ана.
Шаңқан бұлттар – шәлісі,
Құба жондар, бел-бала.
Асқар таулар – әкем-ді,
пана болар
құйын соқса долдана.
Түрмеңде түнеріп жатқаным –
Күн болып алаулап батқаным.
Батқан күннің көріп пе ең
Таң болып қайта атқанын.
Бората берме, ендеше,
Жаланың боран, ақпанын.
Аярланып жолыма
Құрма қабан – қақпанын.
Атқа мінсе жүрегім,
Демек, мен де саптамын.
Жоқты бар ғып шатпағын,
Бес батпан күйеңді жақпағын.
Ашпағын екі елдің арасын
Араздықтың жағып шақпағын.
Тудырған жоқсың сен мені
Бетімнен бұлай қақпағын.
Кешірмекпісің кәпірдің
Доңыз аунаған батпағын.
Алдыңда сенің биікпін,
Жетегіне ермен күйіктің.
Сатырлап жауған оқтардан
Секіріп өтер киікпін.
Қанша құзырлы болсаң да,
Бәрібір сенен биікпін.
Сөнбейтін жарық шырақпын,
Ағысы өлмес бұлақпын.
Қанаты талмас қыранмын,
Алқымы іспес пырақпын.
Көгімде – қызыл сұңқармын,
Жерімде – ақ боз тұлпармын.
Бостандыққа шығып бір күні
Бостандық әнін шырқармын.
Малтасын езіп,
етін жеген құлақтың,
Түрмеңде жатпан жұтап тым.
Қарағайға қарсы біткен
Қаһарман қайсар бұтақпын!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter