Өлеңдер ✍️
Фатима жеңгей мұңы
Салып келген бұғалық шың, далаңа,
Құтырынған бұл қоғам жындана ма?
Төбесіне көкала бұлт үйіріп,
Қақпан құра бастаған ұл балаңа.
Жүргенін де жер басып қызғана ма?
Сұғын қадай бастаған қыз балаңа.
Қызметтен аластап қуып жатыр
Екеуін де айдап сап мұз далаға.
Тұзақ құрған даланың елігіне,
Сенім бар ма жындардың желігіне.
Құдаңды да құйындай соғып өтіп,
Ауыз сала бастаған келініңе.
Бетке басқан кезінде талай мінін,
Қуғын-сүргін көруде ағайының.
Тергеушінің сөзіне сенер болсаң,
Саған ерттеп мінгізген сан айғырын.
Фатимаң да бұл күні құр сүлде жүр
Жоғалтқандай бір белде арай күнін.
Еркебұлан күндерім мұңға айналып,
Қалған жоқ па түбінен тіл байланып.
Азғырады жазғырып
сатылмаймын
Қырға айдалып кетсем де, құмға айдалып.
Еркек деген атың бар,
затың да бар,
Егілсең де ішіңнен шыңдай налып.
Шыда, жаным!
Шыдайды мұндайда алып.
Салып қойса, қайтесің, сергелдеңге,
Тыңда мені!
Қасыма бермен кел де.
Ғұмырыңның бітерін ойла, жаным,
Тергеушінің ырқына көнген жерде.
Азат алар басыңа күн туа ма?
Ел басқарған заманда кіл дуана.
Сау адамды есінен тандыратын
Жатқан жерің түрме емес –
Жындыхана.
Тажал көзі асылға қаратылған,
Жынды қоғам кіл жыннан жаратылған.
Тірі пенде табам деп әсте ойлама,
Адамзаттың арына ара тұрған.
Айтты деме тек мұны ашынғаннан,
Қазақ өлген ауруын жасырғаннан.
Жиырмасыншы Ғасыр! – деп асқақтаттық,
Кімді аясын,
Жаралған Ғасыр қаннан.
Содан, сірә, тұрмаған алағызбай,
Қызынбағын –
алдымен дала қызбай.
Адамдардың қанына жерік қоғам
Қайдан тынсын көздерден қан ағызбай.
Айналаның барлығын құр жылатып,
Боталаған көздерден нұр құлатып.
Әзірейіл дейміз біз
кеудесінен
Жанын алар кісінің шырқыратып.
Жо-жоқ, бекер!
Ол емес жебе тартқан,
Қанша кісі болсаң да өнеге артқан.
Өз қоғамың білдің бе?
Адам жанын
Кеудесінен суырып келе жатқан
Жүзің қылпып тұрғанда қылыштайын,
Сенімдімін,
Сенім боп тыныстайын.
Құдайдан да тілерім
және өзіңнен
Майыспағын
сынсаң – сын құрыштайын.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter