Өлеңдер ✍️
Қуынғанда
Аман қалған жан еді аштықтан да...
Тулағанда намыс боп жастық қанда, –
Күтірлетіп түкіріп тастаушы еді,
Көмейіне біреулер тас тыққанда.
Қалып еді жазықсыз тасқа ұрынып,
Маңайынан дос-жаран қашты ұғынып.
Буырыл тартқан шағында
шын егілді
Жанарына мөлтілдеп жас тығылып.
Шойын жандар орнығып паң, сызданған
Шындық іздеп ЦК-ға сансыз барған.
Есіктердің барлығы тарс жабылып,
Сезінді өзін кісідей жалғыз қалған.
Ел мен ЦК-а арасы –
биік қорған,
Жандар ғана баратын билік қонған.
Неге, ендеше, тыңдасын Асқаровты
Партиядан шығып қап «күйік» болған.
Тыңдамайды...
бүгін де тыңдамады,
Долы қатын секілді тұлданады.
Шойын кеуде ЦК-ны жаңа ұғынып,
Таңырқайды Асқаров,
мұңданады.
Елін, жерін ойлаудан қалған бәрі,
Жарамсақтық –
шырқайтын жалғанда әні.
Қабан-Колбин тұз көзін қадаса егер,
Таусыларын біледі талқан, дәмі.
Әділсің бе?
Ақсың ба?
Қарамайды,
Қабан-Колбин көзімен саралайды.
Қабан-бастан туындап қабан-ойлар
Кең даланы құйын боп аралайды.
Не қаласа көңілі
соны істейді,
Елге, өйткені, қазақты санамайды.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter