Өлеңдер ✍️
БІР МІНЕЗБЕН КЕЛЕМ МЕН
Жүрегіне үңіліп дүрбі көзбен,
Көңіл аша қоймадым дүмбілезбен.
Жолаушыдай бір жолмен жүріп өткен
Келем әлі өзгермей бір мінезбен.
Бұлт үйіріліп,
Туса да басыма күн
Бордай тозып, божырап жасымадым.
Алда-жалда қуаныш көре қалсам,
Шолақ сайдай көпіршіп тасымадым.
Тұрса тулап бойымда асыл қаным,
Жайқалады әлі де жасыл бағым.
Ашық аспан секілді мінезім бар,
Күннің көзі –
Жарқырап ашылғаным.
Шуақ төгіп тұрғанда күн өлкемде,
Жақсы, жаман...
бәрін де білем мен де.
Көгершіннің мойнындай сан құбылып,
Жағымпаздық ғұмырмен күнелтем бе?
Туғасын ба жүректі текті өрен боп,
Биігімнен көрмедім тек төмендеп.
Қатарыма осқырып қарамадым,
Қолым менің бақытқа жетті екен деп.
Құрып мейлі кетсе де өзге ермегім,
Жылан жылым – жылымшы сөзге ермедім.
Мансап қуып көп досым өзгерсе де,
Алайда өзім құбылып өзгермедім.
Қайда қарап тұрмайын жар басынан,
Туған жердің сыр түйем әр тасынан.
Кейде өзімді өзенге ұқсатамын,
Асып әсте көрмеген арнасынан.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter