Өлеңдер ✍️
КӨКШЕТАУ
Шомылып көк сағымға нұрлы алаңда,
Тау бар ма сенен сұлу бұл ғаламда?
Патшасы сұлулықтың сен деп білген
Өзіңді Сәкен ақын жырлағанда.
Ғашығын іздеп көлге жиі барған,
Көңілде күмбір қағып күйі қалған, –
Көкшетау сол Сәкеннің өзі ме әлде
Жасылдан жібек шапан киіп алған?!
Би билеп қайың-қыздар суға барған,
Ақынның жырын тыңдап тына қалған.
Сәкен шеккен шылымның түтіні ме,
Әне біреу қоңыр бұлт шудаланған?!
Қойтастар аунап түскен жамбасына,
Көкшенің су тартатын қауғасы ма?
Наркескен жігіттер ме
Қарағайлар
Жамырап шыға келген тау басына?!
Қадалған таудың жасыл денесіне,
Шыршалар бұрынғының жебесі ме?..
Көкшетау Ақан сері болар, бәлкім,
Көтерген сұлуларды төбесіне?!
Өзені Ақан болып жырлап аққан,
Тұманы – көк шымылдық қырға жапқан.
Көкшетау Ақтоқтының өзі ме әлде
Алтындап сексен көлден сырға таққан?!
Түнерген тас қабағын түйіп көптен,
Жартас та бір ғұмыр ғой биікте өткен.
Көкшенің текшеленген сол жартасы
Қыздардың жүгі болар жиып кеткен?
Қатер бұлт төнген кезде өз басына,
Кім кепіл бұл өмірден озбасына, –
Көкшенің мөлдіреген таңғы шығы
Жоқ әлде Біржан салдың көз жасы ма?!
Қиядан сан естіліп өктем даусың,
Бағзы бір замандардан жеткен таусың.
Жаралған сұлулықтан, о, Көкшетау,
Жасыл желек жамылған көктем-таусың!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter