Өлеңдер ✍️
ӘБДІГЕ
Қырықтасың!
Еліңе сүйікті ұлсың,
Көк нөсерің көгіңнен құйып тұрсын.
Бойың сенің аласа болғанымен,
Бойы биік жандардан биік тұрсың.
Күлмей ме, айтшы, көктен күн нұр себерде,
Шөп те мынау өлерін білсе өсер ме.
Құт-береке кетер ме
Күнде осылай
Кісі үзілмей төріңнен тұрса егерде.
Қағып мынау жылдарға қырық қада,
Келіпсің-ау о, досым, қырыққа да.
Қырық қадам үйіңнен шыққаның бұл
Жарың салған көндікпей құрыққа да.
Берік болып осынау құрыштан да,
Өткір болшы бұл таңда қылыштан да.
Алатау боп алдымнан шыға келші
Ай нұрына шомылып пүліш таңда.
Даң-дұң ойдан жалығып жерігенде,
Жан досым деп іздедім сені мен де.
Төбем көкке жеткендей болушы еді,
Төбең сенің алыстан көрінгенде.
Қайран досым!
Күмбірлеп күйге енсем де,
Күйге енсем де,
Жаныңнан сый көрсем де, –
Қастасуды келемін үйрене алмай,
Дос болуды өзіңнен үйренсем де.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter