Өлеңдер ✍️

  19.04.2022
  134


Автор: Рафаэль Ниязбек

СЫРҚАТТАНҒАНДА

Шырқыратып сүйресе жаныңды өрге,
Түсесің-ау өзің де әбігерге.
Аңғырттық па,
Жоқ әлде салғырттық па
Көрінбеуші ем онша көп дәрігерге.
Қоймады енді мына дерт бармасыма,
Салса салсын сырқаттың арбасына.
Төсегімде қашанғы жата берем
Жапалақтай жарбиған жар басында.
Қысыма да келген ем көктем ертіп,
Қисаям ба, кім білсін, шетке кетіп.
Бір бүйірден қанжардай қадалған дерт
Өмірімді кетердей көктеп өтіп.
Жаман еді бұл дерттің сұрқы неткен,
Жалғыз күндік сәуле боп бұлтың еткен.
 Шыбын жаным тұрғандай тас төбемде,
Төнгесін бе тажалдың бұлты көктен?
Қабыл болып тілегі дара жұрттың,
Жазылармын,
Алайда алабұрттым.
Соңы шайдай ашылып кетуші еді,
Түйдек-түйдек түйілген қара бұлттың.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу