Өлеңдер ✍️

  19.04.2022
  223


Автор: Рафаэль Ниязбек

ХИМИЯ САБАҒЫ, МЕНДЕЛЕЕВ КЕСТЕСІ НЕМЕСЕ ҰСТАЗБЕН ӘҢГІМЕ


– Жатқанымен от жігер талабыңда,
Кейде тұнып көк мұнар қабағыңда, –
Химиялық заттарға сен айналып,
Сабақ болдың
Химия сабағында.
Химиялық қышқылды көмірдегі,
Қышқыл деп те түсінген өмірдегі
Жандар болса,
Сен оған түсіндірдің
Шуағыңды мол төгіп көңілдегі.
Ертелі-кеш жүрсең де тақта алдында,
Әлдекімнің қалмадың қапталында.
 Металдардың орынын белгілеген
Менделеев кестесі жатты алдыңда.
Сірә, ырзығы боларсың талай жердің,
Қос көзіңнен сол сәтте арай көрдім.
Көңілімде керемет сұрақ туып,
Қайта-қайта жүзіңе қарай бердім.
Болмаса егер құлын боп қолда өскенің,
Көрініп тұр сұрапыл жол кешкенің.
Өмір де бір кесте ғой,
Білсең, айтшы,
Қай жерінде тұрсың сен сол кестенің?!
– Жібек жалы алайда майда өрілген,
Кезім, сірә, бар шығар тай көрінген.
Елім мені көргісі келеді, айтшы,
Өмір деген кестенің қай жерінен?!
Шықпасам да мен алғаш жолға өлеңмен,
Табыламын сол жерден,
Сол белеңнен.
Табылмауым және де мүмкін емес
Киліксе де не нәрсе көлденеңнен.
Темір десең табылам темір болып,
Көмір десең табылам көмір болып.
Алтын боп та алдыңнан мен шығамын
Өркен жайған өрісті Өмір болып.
Жас жанымның кем еді күйі кімнен,
Елдің жүгі түспейді иінімнен.
Жеңістерге бастаймын
Қажет болса
Желбіреген ту болып биігінен.
 – Еркін асып даланың қайқы өрінен,
Кезің бе әлде бұл сенің Ай көрінген.
Іздегенде не жетсін табылғанға
Өмір деген кестенің қай жерінен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу