Өлеңдер ✍️
ҚАЛАДАҒЫ МАЛ БАЗАРЫНА БАРА ЖАТҚАНДА ТУҒАН ОЙ
Көп еді деп білгеннен білмегені,
Сынайын деді ме әлде бұл немені.
Боз биені базарға сатып кел деп
Жұмсады атам қалаға бірде мені.
Көңілімді әрнеге анық бөлмей,
Жігерімді қайтемін жанып көрмей.
“Ер азығы жолда...” деп аттандырды,
Соқыр тиын қалтама салып бермей.
Бар шығар деп ырзығым жер төсінде,
Жолға шықтым сол күннің ертесінде.
Аштан өле қоймаспын деп ойладым
Қасиетті қазақтың өлкесінде.
Аспан астын ғаламат түстік етіп,
Ұшыра алмай сол жаққа құс түлетіп,
Шөлдеп келе жаттым мен жол үстінде
Қақ шекемнен шілденің ыстығы өтіп.
Келе жаттым бұл шөлді қауіп көріп,
Өзіме – өзім бір бейнет тауып беріп.
Сол кезде ғой:
– Түстеніп аттан, – деді
Бір бойжеткен ақ бозбен шауып келіп.
Кезіккесін бұлақтың тұнбасына,
Аттың басын болмады бұрмасыма.
Бойжеткеннің үйі де көрінді, әне,
Шауып шыға келіп ек қыр басына.
Жүзіме ерен алаулап көшкенде арай,
Парылдатып салып ем төске талай.
Көкірегім күмбірлеп күйге толып,
Жолға тағы жиналдым кешке қарай.
Қош айтысып шай берген қарағыма,
Нұр жаусын деп тіледім талабыңа...
Жол-ішекті келемін тағы шертіп
Кең даланың байланған шанағына.
Қуат іздеп жүгірген құла атымнан,
Жолдар қанша алдымда бұратылған.
Жол-ішектен ыршыған күй секілді
Көгілдір шаң соңымда шұбатылған.
Құла атым да болдырып іркілмеген,
Келеді еркін аяңшыл бүлкілменен.
Көп ұзамай батырдым ұясына
Жол үстінде қоштасып бұл күнменен.
Ұлпа шаңын жел айдап, жұлқылаған,
Жолмен келем тозаңы бұрқыраған.
Бірақ бұ да адамға ем болмады
Қарыны ашып, жылқыдай шұрқыраған.
Көз айырмай айнала, кеңістіктен,
Келе жаттым жігіт боп жеңіс күткен.
Шауып шыға келіп ем бір қырқаға,
Бір үй тұрды көрініп еңістіктен.
Сағынышпен қараған қыз күніне,
Тап болдым ба, кім білсін, түз гүліне.
Ақ боз үйден ақ жеңгей шыға келіп:
– Қонақ бол! – деп жармасты тізгініме.
Мойымаған сан мәрте аза-мұңға,
Жомарт десе, жомарт-ау қазағым да.
Бір қойдың тұтас еті жатты асылып,
Жеңешемнің нән шойын қазанында.
Жайғасқаным сол еді төрге менің,
Бір-ақ жетті бұрқырап өрге демім.
Сонда барып түсіндім мен атамның
Не себепті жолға ақша бермегенін.
Қолда ойнатқан қамшысын намысым деп,
Атама айтар сондықтан алғысым көп.
Ойлапты ол
Қаржысыз ұлым менің
Қазақ жұртын аралап, танысын деп.
Сөйтіп шалғай жол жүріп көрмегенде,
Сірә, шыға алмас па ем төрге мен де?
Қазағымның бір қызы
Қарсы алдымнан
Шыға келді сусын боп шөлдегенде.
Сүметіліп жүргендей жұрт артында,
Сыбағамнан туғалы құр қалдым ба?!
Қарным ашып келгенде,
Бір ақ жеңгей
Дастарқан боп жайылып тұрды алдымда.
Барша жұрт кеп өзенін сағалаған,
Қазақ жерін талайлар паналаған.
Түстік ішіп бірінен,
Қона жатып...
Шетелдік те теп-тегін аралаған.
Қазақ жерін қасиет, кие көріп,
Ағылшындар бастарын ие келіп,
Бір-ақ күнде қожаңдап шыға келді-ау,
Кең даланы кетпек боп иеленіп...
Тыңда, ендеше,
О, досым, жөнге көніп,
Сырт бұрылма жоныңды желге беріп.
Көзің жетсін –
Қаржы алмай соқыр тиын
Қазақ жерін арала сен де келіп.
Еркесің бе бәрібір, серкесің бе,
Ырзық барда қорықпа жер төсінде.
Жолаушыны көргем жоқ аштан өлген
Қасиетті қазақтың өлкесінде.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter