Өлеңдер ✍️
КЕШ АЙТЫЛҒАН ШЫНДЫҚТАР
І
Көз жіберсем халқымның өткеніне,
Ғұмыр бойы зар-жапа шеккені ме?!
Алмағайып заманды көп өткерген
Қол созса да жете алмай көктеміне.
Былай қалып тәңірдің қолдағаны,
Жапа шеккен зар-мұңы – сондағы әні.
Аузы аққа жеткенде күні туып,
Мұрны қанап,
Халқымның сорлағаны.
Өзегіме құйды әкеп запыранын,
Күл түстеніп өртенді жапырағым.
Қасіретті бұ қазақ аз шекті ме,
Ортасына түсірген шаңырағын?!
Халқың жатса аштықтан бұратылып,
Бұлқынады екенсің мың атылып.
Сол суреттер
Қасірет көштеріндей
Көз алдымнан өтуде шұбатылып.
Сорлаған жоқ күн нұры – жарық жетпей,
Аңыраумен күн кешті зары көптей.
Неге бұлай,
Қай оқ та тоқтамаған
Көк аспанын тілгілеп, жарып өтпей?!
Сөгілсе де сан мәрте көбесінен,
Танып әсте көрмеді ел есінен.
Көзге ілінген қай бұлт та
Төнген талай
Түсірмек боп жай отын төбесінен.
Жаста мынау жанымды жалындатқан,
Бір мұңымды бір мұңым қалыңдатқан.
Жер бетінде қасірет қанша болса,
Сонша азаптың өр халқым бәрін тартқан.
Дала халқы тірліктің қамына еріп,
Ала шапқын тобырдың шаңын көріп,
Бір пәлекет төнді деп,
Жан сақтады
Өріс толы төрт түлік малын беріп.
Түгел алды сыпырып елдің малын,
Алса – алсын,
Қайтерсің жер қылғанын?!
Ел қорғаған ер жігіт айдалада
Жаяу қалды арқалап ер-тұрманын.
Бұл-бұл ұшып күндері шат көрінген,
Намыс – семсер сол кезде қақ бөлінген.
Ерлік қоса түскендей сыпырылып,
Түскен күні ер жігіт ат белінен.
ІІ
Жотасына көрмеген қамшы батып,
Жетілгендей ел-жұрты сан жылатып, –
Бір шоғыр топ келді де,
Ата берді
Ауыл итін шетінен қаңсылатып.
– Бұйрық, – дейді.
Бұйрыққа амал бар ма?
(Билік тисе осы ғой жамандарға).
Ит атаулы оққа ұшып сұлап жатты,
Не жаздым деп ақ ниет адамдарға.
Бақа көзі тіміскіп алақтаған,
Ит атқыштар ай-шайға қаратпаған.
Небір көкжал төбеттер оққа ұшты,
Небір көкжал бөріні тамақтаған.
Сол көрініс дерт болып жанымызға,
Қадалады шаншу боп Арымызға.
Көкжалдылық даламнан жоғалмаса,
Жанкештілік сіңбес-ті қанымызға.
Қызыл, жасыл түспеген көкке өрнегі,
Көп-ау бастан елімнің өткергені.
Енді ойласам,
Бұ қалай сұм тағдырдың
Иттерін де өзіне көп көргені?!
ІІІ
Күндер еді жортпаған жал, құм көшіп,
Тоңдырмаған алдынан салқын есіп.
Дала жұрты бір жасап қалған еді,
Белуардан көк майса шалғын кешіп.
Жазира боп жайылып пүліш кілем,
Жүріп келе жатасың нұр үстімен.
Қайда бар ма көкпеңбек...
Бар тіршілік
Сезінген-ді алғандай тынысты кең.
Жүріп келе жатқандай нұр үстімен.
Бұның бірақ сұм тағдыр есесіне,
Қатық таппай сарылған көжесіне.
Дала жұртын және бір сансыратты,
Жаятұғын жайылымға мал табылмай,
Тама берген көз жасы кесесіне.
ІҮ
Өшірмек боп қайғы ізін жүректен де,
Тілеп неге жүрмесін тілек пенде?
Сол тілекпен далаға егін екті,
Жыл өткенде арада, жыл өткенде.
Егін еккен жұртшылық – көпті көріп,
Көк те нұрлы жаңбырын төкті келіп.
Бітік егін жайқалып өсе берді,
Суырса да құм боран тепкіленіп.
Бақыт, сірә, табарын жер бетінен,
Заман заман болғалы ел де білген.
Бітік өскен егінге орақ салды,
Самал желмен найқала тербетілген.
Шоң даланың бейне ұқсап кеудесіне,
Қызыл қырман орнады кең төсіне.
Алтын дәннен алтын тау көтерілді,
Көкшіл аспан айналып жейдесіне.
Ақ түйенің қарыны жарыларда,
Тізгін берген кім екен жабыларға?!
Дүйім елді бір үзім нанға зар ғып,
Дүние, шіркін, мұншама тарынар ма?!
Кірсін дей ме қараңғы көрге өңмеңдеп,
Ұғындырмай қыр-сырын елге жөндеп.
Голощекин далаға ызғар шашты:
– Бір түйір дән бұ жұртқа бермеңдер,-деп.
Бастық болып келгенін бұлдана ма?
Жүзін жылы бұрмады бір балаға.
– Революция орнатам, – деп те бөсті, –
Көшпенділер жайлаған қыр, далаға.
Қара құстай қанатын жайып қалып,
Қайдан келген пәлекет ғайыптанып?
Он тал масақ үшін де
Қаншама жан
Кете барды он жылға айыпталып?!
Ел-жұртыңды жылатса астық бермей,
Жүрмекпін бе жауыздық, қастық көрмей.
Бүкіл дала былай деп күңіренді:
– Аштық келді-ау еліме,
Бастық келмей.
Сұр даламда бөрі ізі шиырлаған,
Астық артқан паровоз құйындаған.
Тарих бұндай қыр елін көрмепті әлі,
Өз ырзығы өзіне бұйырмаған.
Ү
Жандайшаптар жағынып бастыққа еріп,
Ел-жұртына бермеді астық бөліп.
Голощекин ызғарын шашып өткен
Кең даланы қусырды аштық келіп.
Қайғы-мұңын аштық кеп таратқанда,
Қаншама адам қырылды қарлы ақпанда.
Өлілердің денесі дір еткен-ді
Көмейінен запыран зар атқанда.
Шежіре айтқан әріден сөз сабақтап,
Ата қанша сұлаған көзі алақтап?!
Қарайғанның бәрінен қайыр сұрап,
Әже қанша қос қолын созған ақтап?!
Бір үйлі жан бір өзін аспан көрген,
Әке қанша тентіреп аштан өлген?!
Аштық деген сұм зауал болған жоқ па,
Кім-кімге де төбеден, бастан төнген?!
Шыға қоймай емшектен бұлағы атып,
Қасіретке белінен туа батып, –
Аштан өлген ананың құшағында
Сәби қанша көз жұмған жылап жатып?!
Қарт адам да қырылды, жас адам да,
Қолдан қайғы не түсті жасағанда?!
Іші кеуіп қанша адам жер жастанды
Шөптің дәнін уыстап асағанда.
Намыс отын суарып шыңдап алған,
Жігіттер де жанарын мұңға малған.
Жансақтауға жаужұмыр қазып жеп те,
Елін бастап шөл дала – құмға барған.
Ал солардың қаншасы білемісің
Шөл қысқанда көмусіз құмда қалған?!
Қиналғанмен жұрт қанша жеріп іштен,
Ақ қайыңның көз жасы – сөлін ішкен.
Сол күндері домыққан сұр төбелер
Құба жердің аштықтан беті ме іскен?!
Бергесін бе, әйтеуір, сабыр көпке,
Ғұмыр кешті шөп жеп те, тамыр жеп те.
Аштық жылы өмірі ұмытылмайды,
Кең даламда сыңсыған қабір көп те.
Жер бетінен ырзығын іздеп өткен,
Боздақ қанша тентіреп түзге кеткен?!
Топырақтан аршылған бас сүйектер –
Ескерткіштер
Сол жылдан бізге жеткен.
ҮІ
Неге сонша қыр жұрты ашығады,
Ерте неге семеді ғашық әні?
Жел тұрса да уығын сықырлатқан
Қашан... қашан зобалаң басылады?!
Жауап бар ма
Аспаны қыр елінің
Қашан... қашан мәңгіге ашылады?!
Бәрі жетіп тұрса егер, айтыңдаршы,
Қызғыш жаным неліктен ашынады?!
Неге, неге қыр елі жыламасын,
Көзін неге көл етіп бұламасын? –
Ресторанға қыздарын ертіп барып,
Жеп жатса егер біреулер сыбағасын.
Анасы артық емес-ті анамыздан,
Баласы артық емес-ті баламыздан.
Халқым неге қызығын көрмейді, айтшы,
Шыққан байлық болса егер даламыздан?!
Түсінбеймін,
Келмейді түсінгім де,
Ұшпай мәңгі қойса да құсым мүлде.
Шыбындайын қырылған елді ойласам,
Төменшіктей береді жүзім күнде.
Талай зауал көгінен төніп көрген,
Момын жұртым неге де көніп келген.
Демократия!
Жасай бер,
Мәңгі жаса,
Елдің мұңын айтуға ерік берген.
ҮІІ
Теңізден де тепсініп жүзіп өткен,
Күштілердің жүзі кеп, жүзі кеткен.
Дала жүзі алаулап шыға келді
Голощекин түскенде қызметтен.
Өзендері жаңылған ұлы ағыстан,
Бүкіл дала егілді қуаныштан.
Жандайшаптар өзімен бірге кетті
Голощекин алдында құрақ ұшқан.
Сұсты айбынмен таратқан ызғар бөліп,
Жыра, сайға жоғалды мұздар еріп.
Көкжиектен күн көзі күлімдеді
Жамандықтың ғұмыры қысқа келіп.
Дүниені кезі жоқ шын сезінген,
Қайдан шолсын алысты тұл көзімен.
Ұлан-ғайыр даладан кеткен-сынды,
Еріп келген аштық та бірге өзімен.
Ісі жоқ-тын өлімнен басқа білер,
Елім әлі жонынан таспа тілер.
Голощекин атына қарғыс айтып,
Бой көтерді жамырап тас қабірлер.
Күнің туар жалауы желбіреген,
Мейірім боп та, шуақ боп елжіреген.
Обалдарың сол сұмға, көз жастарың...
Қабырғалы қалың ел селдіреген.
Жайма-шуақ көктемнің лебі де еспей,
Күндер зулап өткенде көз ілеспей, –
Тұралатып сол сүргін жіберген бе,
Келеді әлі ел-жұртым өніп-өспей?!
ҮІІІ
Іші, сырты білмейтін арайлана,
Бұндай жандар барғанмен талайға да,
Басшылыққа жетеді қалай ғана?
Әттең, шіркін, түсіріп өсірсе ғой
Жүрегінің тынысын шарайнаға.
Қарау ниет жандардың қаны қара,
Тәтті бірақ өзгеден жаны ғана.
Бәрін, бәрін айнаға түсірсе ғой...
Қамыға ма, өрекпіп жаныға ма?
Құзар шыңға қырандай самғап барған,
Алға шығар азамат саңлақтанған, –
Айнадан да ажарлы көрінер-ді
Қасиетпен бойында сақтап қалған.
Қылау жұқпай айнадан өткендерді,
Өсірсе ғой таң ғылып көк пен жерді.
Жер бетінен,
Елдің де келбетінен
Тұрар еді мәңгі есіп көктем лебі.
Басшың қандай болса егер қосшың сондай,
Тең келсе игі бір таудың қос шыңындай.
Елім, сірә, түзелер деп ойлама,
Ел сұраған алдымен басшың оңбай.
ІХ
Сойқан кездің ізі өшпей еш жүректен,
Содан бері арада бес жыл өткен.
Жоғарыдан естілді суық бір үн,
Тау басынан құлаған көшкін неткен?!
Жеткендердің бәрі де биіктерден,
Қолдау тауып жатқанда сүйікті елден,
Жоғарыдан естілді суық бір үн
Не пәлені ішіне түйіп келген.
Жау жоқ жерде жау тап деп жалаңдаған
Бұйрық жетті –
Ел ішін арамдаған.
– Жау саналып қамалсын абақтыға
Кешкілікте жан болса қараңдаған.
Шыға жаздап алайып көзі үрейден,
Берия тұр қадалып тесірейген.
Секілденіп жан алғыш әзірейіл
Бір бүйірден Ежовы ежірейген:
– Күн туар деп қорықпай ертең қандай,
Кіріскен жөн құлшынып елден қалмай.
Халық жауын көп ұстап жоспарланған
Тыншымас-ау көңіл де орден алмай.
– Жазығы ма езіңді ер қылғаны,
Ұйыстырып еліңді ел қылғаны,
Азаматты күйдірме өр тұлғалы.
Қайдан тауып ұстаймыз сонша жауды,
Жауға айналып кетпесе елдің бәрі?
Жан табылмай бұған да құлақ асқан,
Құлақ асса –
Кетердей құлап аспан.
Зауал туды, амал не, қай достар да
Бір-бірінен сескеніп, тұра қашқан.
Жұртым неге аңырап боздамасын,
Қара дүлей күзетсе босағасын.
Баз біреулер қарақан басын қорғап,
Айдатты да жіберді дос, ағасын.
Ұсақталған кез бе еді, майдаланған,
Намыс-жігер,
Ар-ұят қайда қалған?!
Кетеді айдап алдаспан жігіттерді,
Келеді де жорғамен тайпаланған.
Жаңылыспай,
Жаңылмай бір күйінен,
Сұр адамдар үстіне сұр киінген, –
Келеді де,
Алға сап кетеді айдап,
Жалпақ елге кім болды бұлт үйірген?!
Аласапыран жер үсті лаңданып,
Жұрт сарсылды көз алды тұманданып.
Темір тордан, қайтесің, бір-ақ шықты
Жаңа қонған құзына қыран барып.
Ерлер кілең жазылған Айға аттары,
Не болғанын үлгермей байқап бәрі,
Жерге сіңіп жоғалды
Сыпырылып –
Ата жұрттың бетке ұстар қаймақтары.
Ескі өмірдің көбесін қақыратқан,
Қозы жауырын жебесін аңыратқан, –
Ардагерлер құрбан боп кете барды
Күннің нұрлы шуағын жарқыратқан.
Жүгінбеген әділет – заңға барып,
Сұмдар қолын жүгірген қанға малып.
Жамандарға тиіспей,
Көгендеген
Жақсы менен жайсаңды таңдап алып.
Таудай ұрпақ сүйсем деп тауға қарап,
Армандаған ананы жауға балап.
– Айтасың ба, жоқ па? – деп азаптады, –
Жүрген жау де күйеуім жар жағалап.
Қос көзінен от шашқан кекті көріп,
Шаштан жұлып,
Ананы тепті келіп.
Былш-былш соқса да елемеді,
Еті үйреніп таяққа кетті ме өліп?!
Жатты жерде сәбиі шырылдаған,
Омырауын тас еден жырымдаған.
Абақты іші зұлмат па тұрған тұнып,
Ығы-жығы не пәле туындаған?!
Қылышынан қан тамған сол жылдары
Бақытты еді ұрпақтар туылмаған.
Көсем қайда
Анадан жаратылған,
Әділетке, шындыққа ара тұрған?!
Қамалатын болған ба абақтыға
Сәби екеш сәби де жаңа туған?!
Жаңа-жаңа шырқалған жабағы әні,
Дала жұртын аз ба еді талағаны.
Түгел сарқып қаймағын,
Әділдік пе
Болашағын енді елдің қамағаны?!
Келген, айтшы, Сталин қайда қарап,
Отырған ба құр босқа Ай тағалап?!
Сүйегінен ел-жұрттың
Тұрғызбақ па
Социализм іргесін қайта қалап?!
Дүниенің қабағын мұрты баққан,
Дүлей шалдың іші – мұз,
Сырты – ақпан.
Азаматын қырып сап,
Сол арқылы –
Елін атқан не сұмдық,
Жұртын атқан?!
Х
Обал-сауап дегенге қарамаған,
Тірі жанды шыбынға санамаған, –
Шалғы мұртты “көсем” деп жанықтық-ау,
Күллі жұрттың жүрегін жаралаған.
Айқайлаған ұрандап жаса деп те,
Күні-түні болмады маза көпте.
Пенделіктен аспаған жабы екен ғой,
Көтерсекте бәрібір қанша көкке.
Өспей қалған жабы екен пенделіктен,
Қасиетін жоғалтып елге біткен.
“Көсеміміз” көсеу боп шыққан кезде
Қарап, сірә, қалдық-ау жерге тіптен.
Ел басына жамандық тілей келіп,
Басқарды ма басынып дүлейленіп.
Запы болып қалыпты халқым содан,
Сәл нәрсеге тұрғаны үрейленіп.
Шартарапқа естілмей жарқын әні,
Ұмытқан ба көңілін шалқымалы?!
Көкжиектен тулақтай бұлт көрінсе,
Секемдене қалады халқым әлі.
Не себептен,
Неліктен бұның бәрі,
Жоқтығынан шындықтың, шынның мәні.
Жабыла кеп шулығып дәріптейміз,
Биіктерден шырқалса кімнің әні?!
Сұрағанын мықтының тауып беріп,
Жанталастық жабыла қауіп көріп.
Жүру де, әттең, бақыт боп сезілетін
Бұрын піскен тарыға тауық болып.
Дүние – тесік қаптай құм саулаған,
Ашық сәттер болды ма күн жаумаған?!
Сталиннің заманы
Сауыт – мұзбен
Көкірегін елімнің құрсаулаған.
Ел де төзді сарыла үн шығармай,
Сәл бұлқынса қылқынып тұншығардай.
Қара халық – қара тал секілденді
Көрінгесін шалғы мұрт шың, шынардай.
Сонан ба әлде барша жұрт шыдап бақты,
Үн шығарар кезде де үн шығармай.
Енді, міне, заң басқа,
Заман басқа,
Ерік тиген жел бітіп қаламдасқа.
Жамандығын тілгілеп сол бір күннің,
Барша тірлік айналған ақ алмасқа.
Шындықты айтпай,
Айта алмай естен танып,
Тұраладық сан мәрте көштен қалып.
Өлгендердің жан бітіп кеудесіне,
Жатыр қазір қайтадан өшкен жанып.
Талай зауал көгінен төніп көрген,
Момын жұртым неге де көніп келген.
Демократия!
Жасай бер,
Мәңгі жаса,
Елдің мұңын айтуға ерік берген!
Өмір – мұхит,
Біреулер – кемеміз дер,
Табылады оған да сенеміз дер.
Кезінде айтып шешкен жөн не болса да,
Кеш айтамыз Шындықты неге біздер?!
Кеш айтамыз Шындықты неге біздер?!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter